Úı ANONS Түркістанда қағаз шығаратын зауыт салынып жатыр

Түркістанда қағаз шығаратын зауыт салынып жатыр

фото ТОӘБҚ
 Түркістан облысында инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жобаларды іске асыру мәселелерін талқылауға арналған кезекті инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Күн тәртібінде биыл жүзеге асырылатын 10-нан астам инвестициялық жобалардың өзекті мәселелерін шешу жолдары талқыланып, инвесторлар мен жауапты мекеме өкілдерінің есептері тыңдалды. Негізгі мақсат – жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету және туындаған мәселелерді жедел шешу.
 Жиында Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» индустриалды аймағында салынып жатқан «Нұрқағаз Х» ЖШС-нің қағаз өндіру зауытының құрылысы талқыланды. Инвестициялық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жобаның өндірістік қуаттылығы екі кезең бойынша жылына 60 мың тонна қағаз өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда әкімшілік-тұрмыстық кешен, өндірістік қоймалар және бақылау-өткізу пунктінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жер қазу және бетон құю жұмыстары толық аяқталып, металл конструкцияларды орнату жалғасуда. Қажетті құрал-жабдықтар толықтай Қытай Халық Республикасынан сатып алынған. Жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары 80 пайызға орындалды.
 Сонымен қатар «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі жобалардың барысы қаралды. Атап айтқанда, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің 16 роторлы иіру желісімен жабдықталған тоқыма зауытының құрылысы жалғасуда. Құны 5,4 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 20-30 мың тонна мақта иірімжібін өндіруге қауқарлы. Жоба аясында 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бірінші кезең бойынша жатақханалардың сыртқы құрылысы толық аяқталған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, өндірістік блоктың іргетасы толық дайын. Металл конструкцияларды Қытайдан жеткізу күтілуде.
 Штаб отырысында сондай-ақ Түркістан қаласындағы «TURAN» АЭА орналасқан «Turkistan Lihua» ЖШС-нің тігін, тоқыма, бояу-әрлеу фабрикаларының және Отырар ауданында орналасқан мақта өңдеу және мақта тұқымын шығару зауыты құрылысының барысы қаралды.
 Бұдан бөлек, Жетісай ауданындағы «Altyn Kun Group» ЖШС-нің және Отырар ауданындағы «Lesso Drip» ЖШС-нің тамшылатып суару жүйелерін өндіру зауыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Сонымен бірге Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС-нің ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауытының құрылысы туралы да баяндалды. Сауран ауданында іске асырылып жатқан өндірістік жобалардың орындалу барысы да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтсақ, «Diamond Steel Co. Ltd» ЖШС-нің алюмоцинкпен қапталған және боялған металл өндіру зауыты, «Bereke Plastic» ЖШС-нің бір реттік ыдыс-аяқ өндіру кәсіпорны, «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-нің ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығаратын зауыты және «Sauran Solar Power» ЖШС-нің қуаттылығы 300 МВт күн электр станциясы бойынша атқарылған жұмыстар сараланды.
 Жиын қорытындысында өңір басшысы Нұралхан Көшеров инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды. Ол жауаптыларға жобалардың орындалуын мұқият қадағалап, инвесторлар көтерген мәселелерді дер кезінде шешуді міндеттеді. Сонымен қатар берілген міндеттердің орындалуы қатаң қадағалатынын ескертті. Отырыс барысында берілген тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізіледі.