Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына үндеуінде ел аумағында дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды анықтауды және дәріханалардағы баға тұрақтылығын жіті бақылауға алуды тікелей құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тапсырған болатын.
Осыған орай, бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев бастаған жедел топ Түркістан қаласында орналасқан дәріханаларға арнайы барып, дәрілік заттардың баға тұрақтылығына және сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің жеткізілу деңгейіне зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Мониторингтік жұмысшы топтың құрамында Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары М.Қарғабай, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері мен Арнайы мониторингтік топ мүшелері, сондай-ақ қоғам белсенділері болды.
Жүйелі жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында Түркістан қаласында орналасқан дәріхана ұйымдарында шекті бағаның толық сақталғандығы және «ИП Ербұлан», «ИП Джапақов» дәріханаларында сұранысқа ие дәрілік заттардың, соның ішінде цеф ІІІ, парацетамол, азитромицин, ингаверин, меропенем, аскорбиновая кислота, цефамед, дексаметазон дәрі-дәрмектерінің жетіспеушілігі анықталды.
Сондай-ақ, 11 шілде күні Түркістандық дәріханаларға Алматы қаласынан 136 түрлі аса қажетті дәрілер жеткізілгендіктен, С.Қожанов, Тәуке хан, Яссы және Талқанбаев көшелерінде орналасқан «Мадина Фарм» , «ИП Умиралиева», «ИП Еримбетова», «ИП Сартаев», «Абу-акбар», «ИП Таджиметова» дәріханаларына науқас жандарға қажетті дәрі-дәрмек түрлерінің барлығы толық жеткізілгендігі белгілі болды.
Сонымен қатар, дәріханалардағы баға өсіміне жүргізілген мониторинг жұмыстары Кентау қаласында да жүргізіліп, нәтижесінде «Балабиева и К» дәріхана ұйымының дәрілік заттарды бекітілген шектік бағадан өсіргендігі мәлім болып, анықталған заңбұзушылық дерегі бойынша заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетсек, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен әр күн сайын облысқа қарасты дәріханаларға мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.