Биыл Түркістан облысындағы тарихи-мәдени нысандарға 443 мыңнан астам адам барған. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де бірнеше есеге өскен. Жаңа туристік жобалар іске асып, инфрақұрылым жаңартылуда. Ал туристерге қолайлы жағдай жасау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Аймақтағы туризмнің бүгінгі тынысы туралы алдағы сюжеттен көріңіздер.
Түркістан облысында туристер саны артып келеді. Ресми мәліметке сәйкес, биылғы бес айда өңірдегі тарихи-мәдени нысандарға барған саяхатшылар саны 443 мыңнан асты. Туризмді дамыту аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етуде. Мәселен, жылдың алғашқы тоқсанында орналастыру орындарында демалғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 26 мың адамға көбейіп, 87 мыңға жетті. Көрсетілген қызмет көлемі 2,2 миллиард теңгені құрады.
АЙГЕРІМ СӘБИТҚЫЗЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А.: «Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2026 жылы туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу бойынша жалпы құны 5,1 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылып жатыр. Яғни, облыс әкімдігі тапсырмасымен жүзеге асырылатын негізгі жобалардың қатарында Түркістан-Шәуілдір автомобиль жолын қайта жаңғырту, Сауран қалашығына апаратын жолды жөндеу және Бабайқорғанға алып баратын жолды орташа жөндеу жұмыстары бар».
Табиғи туристік орындарда демалғандар саны да көбейген. Биыл олардың қатары 56 мыңнан асты. Сонымен қатар туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 29 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есе көп.
АЙГЕРІМ СӘБИТҚЫЗЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А.: «Экотуризмді дамыту мақсатында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. 2026 жылы «Сайрам-Өгем табиғи ұлттық паркінде және Қаратау мемлекеттік паркінде визит орталықтары салынып, Ақсу Жабағылы қорығында туристік соқпақтар мен шығу алаңы абаттандырылады. Яғни бұл жұмыстар прогин жобасы арқылы жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар Кентау қаласында Хантағы елдімекенінде құны 1 миллиард теңге ХАНТАУ ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ. Сайрам-Өгем табиғи паркінде туризмді дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Парк аумағында 11 туристік маршрут ұйымдастырылған. Туристерге арналған қонақүйлер демалыс орындары автотұрақтар санитарлық гигиеналық нысандар мен ақпараттық инфрақұрлым жұмыс істеп тұр».
Айгерім Сәбитқызының айтуынша, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында тазалық пен инфрақұрылым мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, Шардара су қоймасы жағалауында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр бұл аумақтың санитарлық жағдайына қатысты тұрғындар мен демалушылар тарапынан бірқатар шағым түскен болатын.
АЙГЕРІМ СӘБИТҚЫЗЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А.: «Шардара су қоймасы жағалауында туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Санитарлық талапты қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жетілдіру және қауіпсіздікті күшейту бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Бүгінде жағалау аумағында 9 демалыс орны жұмыс істейді. Қосымша әжетханалар, қоқыс жәшіктері , киім ауыстыру орындары орнатылып, жағалауды абаттандыру жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде».
Ресми мәлімет бойынша, өткен жылы Түркістан қаласына келген туристер саны 1 миллионнан асты. Ал биыл қалада тәулігіне орта есеппен 10 мыңнан астам турист жүреді. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар алдағы уақытта туристер легін одан әрі көбейтуге мүмкіндік береді.
Дилара Иса






