Қазақстанда теократиялық мемлекет құруға шақырып, терроризм идеяларын таратқан Шымкент қаласының тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпарат таратты. Комитет мәліметінше, биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында ведомства тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасаған 13 адам әртүрлі мерзімге түрмеге жабылған. Дәл осындай айыппен тағы 11 адам ұсталған.
ҚАЙЫРЛЫ АХМЕТ, ҰҚК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ: «Осы кезеңде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында осындай қылмыстар жасады деген күдікпен 11 адам, оның ішінде 2 шетелдік және шетелден экстрадицияланған 3 Қазақстан азаматы ұсталды».
Олар интернетте және өз айналасында экстремистік материалдарды таратты, террористік белсенділік аймақтарына шығуға және өздерінің ұстанымдарымен келіспейтін адамдарға қатысты зорлық-зомбылыққа шақырды деген күдікке ілінген. Комитет тергеу құпиясына байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын мәлімдеді.
Дилара Иса






