Úı ANONS Президент Шымкент әкімін қабылдады

Президент Шымкент әкімін қабылдады

Шымкент экономикалық өсім қарқынын сақтап келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Президентке былтыр өңірлік жалпы өнімнің 6 триллион теңгеге жақындап, 11 пайызға өскенін баяндады. Бұл көрсеткіш Шымкентті өңірлер арасында екінші орынға шығарды. Ал 2025 жылы қалаға тартылған инвестиция көлемі 860 миллиард теңгені құраған. Оның 72 пайызы жеке сектор үлесінде болды. Жалпы өсім – 7,5 пайызға жеткен.

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында құны 170 миллиард теңге болатын 50 жоба іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Белсенді кәсіпкерлік субъектілер саны 133 мыңға жетіп, олар шығарған өнім көлемі 4,7 триллион теңгені құрады. Оның өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 41 пайыздан 56 пайызға артты. Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталып отыр».

Кездесу барысында Президент тапсырмаларының орындалу нәтижелері сараланды. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар салаларда жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Шымкенттің даму қарқынын күшейтіп, қала тұрғындары үшін қолайлы әрі сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

ЛАУРА БАБАС