Адырбеков көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары «сақалды құрылысқа» айналды

300

Шымкенттегі Адырбеков көшесі екі жылдан бері жөнделіп келеді. Жолдың кей бөлігіндегі жұмыстар өткен жылдың басында басталды.

Мемлекеттік сатып алудың үдесінен шыға алмаған мердігердің ісі тіпті сотқа жеткен. Қаладағы ең ұзын көшелердің бірін жөндеуден өткізуге бірнеше мердігер компания жұмылдырылыпты.

Шымкентте көлік жүргізушілер Адырбеков көшесінен айналып өтуге мәжбүр. Жергілікті тұрғындар да құрылыстан зәрезап болған. Қазылған шұңқырлардан аяқ алып жүре алмаймыз дейді олар.

Көліктермен үйге кіріп шығу тіпті қиындап кеткен. Рысқұлов көшесінен Жандосов көшесіне дейінгі 250 метрге жуық учаскеде жөндеу жұмыстары екі жылға созылыпты. Алдымен жолды кеңейту үшін жер телімдері қайтарылған. Содан кейін коммуникациялық жүйелер ретке келтірілген. Алайда жолдарды қазып, құрылыс жұмыстарын жүргізе бастаған мердігерлер тиісті талаптарды орындамағаны үшін соттан бір-ақ шықты.

Мұрат ҚУАТЖАН, маман: «Коммуникациялар ұзақ уақыт бойы өзгерді, содан кейін мердігерлер шарт бойынша талаптарды орындамады және біз оларды сотқа бердік. Міне, сот шешімін күтеміз. Қазір Рысқұловтан Жандосовқа дейін созылып жатқан 248 метрлік Адырбеков учаскесін жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін тағы 220 миллион теңге игерілмеген. Смета бойынша жолды 2021 жылға дейін салу керек еді».

Сағызша созылған құрылысқа «Нұр Отан» партиясының өкілдері де араласты. Алайда, шаһардағы жол құрылысына қадағалау жүргізген партиялықтар үшін де бұл дау басы ашық күйде қалды.

Жандос Қамбарбеков, «Нұр Отан» партиясы Еңбекші аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары: «Қазір көлік басқармасында бір апта ішінде сот шешімі шығып, екінші компания жұмысқа кіріседі деп жатыр. Құрылыс барысы біздің қадағалауда болады».

Айта кетейік, Адырбеков көшесінің жөндеу жұмыстары бірнеше учаскеге бөлінген. Әр нысанда бір мердігер компания жұмыс істеуде. Тәуке хан даңғылы мен Жібек жолына дейінгі аралыққа жөндеу жүргізген құрылысшылардың жұмысы жүйелі шығыпты. Бұл аралық күзге дейін пайдалануға беріледі.

Құрылысы ұзаққа созылған түйіткілді аумақтағы жұмысты жүйелеу әзір мүмкін емес. Сот шешімі шыққан соң ғана әкімдіктегілер түпкілікті шараға көшпек.

Мақпал РЫСБАВА