Қазақстанда коронавирус жұқтырған 509 науқас ауыр халде. Оның 72 жасанды тыныс алу аппаратына байланған. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді.
Бағдат Қожахметовтың айтуынша 406 науқастың жағдайы ауыр болса, тағы 103-нің денсаулығы өте нашар. Ал, 72-і арнайы тыныс алу аппаратымен жатыр.
Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі: «Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығына түскен ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда осы жылдың 13 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін коронавирустық инфекциямен 103 033 адам ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны 87 777-ге жетті немесе жалпы көрсеткіш 80,3 пайызды құрады. Өкінішке қарай, 1 415 адам қайтыс болды».
Ресми өкіл жағдай оңалды деп босаңсуға болмайтынын айтады. Және сақтық шарасына немқұрайлы қарамауға шақырды. Айта кетейік, қазір елордадағы провизорлық орталық толығымен босаған. Дегенмен бұл індетті толық жеңдік деген сөз емес дейді Қожахметов.
Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі: «Ахуал тұрақтанды екен деп қауіпсіздік ережесін бұзуға болмайды. Мұны естеріңізге саламыз. Індетті толық жеңіп шыққанша антисептик қолданып, маска тағуып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтаңыздар».
Назерке Үкібасова