COVID-19: Медсақтандыру қоры екінші толқынға қанша қаржы бөліп отыр?

104

Қазақстан бойынша 15 млн. азамат медициналық сақтандырылған. Сөзін осылай бастаған әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Сөзінше, бұған дейін коронавируспен күреске 39 млрд. теңге бөлген қор, екінші толқынға 159 млрд. теңгені қараған.

Болат Төкежанов, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы: «Қазіргі уақытта қор тарапынан коронавирус пен пневмонияға қарсы күрес бойынша іс-шараларды төлеуге 159 миллиард теңгеден аса қаражат қарастырылған. Оның ішінде коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге — 50,5 миллиард теңге, эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақыға — 91,9 миллиард теңге, стационарлық деңгейдегі ПТР-зерттеуге — 4,2 миллиард теңге, «үйдегі стационар» қызметін көрсетуге — 0,4 миллиард теңге, амбулаториялық деңгейдегі ПТР -зерттеуге — 10 миллиард теңге, мобильді бригадалардың жұмысына — 2,4 миллиард теңге».

Осылай деген жауаптылар қатерлі індеттің екінші толқынына дайындықтың басталғанын айтады. Сөздерінше, бүгінде науқастарға арналған төсек-орын да, мобильді бригадалар мен көліктер де жеткілікті екен.

Болат Төкежанов, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы: «Қор тарапынан денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бекітілгеннен кейін коронавирус немесе пневмониядан кейін оларға мұқтаж сақтандырылған халық үшін оңалту қызметтерін қаржыландыруды қамтамасыз етуге дайын».

Осылай деген қор жетекшілері пиар үшін де қаржыны аямағынын айтты. Медициналық сақтандыру үшін жарнамаға 214 млрд. теңге бөлген. Ақпарат бөлісу үшін бір компанияға 54 млрд. теңге бөлсе, екіншісіне 57 млрд. теңге бөлген. Айта кетейік, қор тарапынан медицина қызметкерлерінің үстемақысы үшін 73 млрд. теңге бөлінген болатын.

 Назерке Үкібасова