Шымкент: Соңғы тәулікте коронавирус жағдайы тіркелмеген

97

 

Бұл жөнінде бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Ғалымжан Әбішев айтты.

– Қалада соңғы екі тәулікте КВИ жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. Яғни, бүгінде эпидемиологиялық жағдай тұрақтала бастады. Қазіргі таңда қала бойынша 400 төсек-орын (инфекциялық төсек – 305, провизорлық – 95) бар. Оның ішінде бос төсек-орын – 335, пайызға шаққанда бос төсек-орын 85%-ды құрайды. Ал жүктеменің төмендеуіне байланысты жұмыс істеп тұрған мобильді бригадалардың саны 211-ден 123-ке дейін төмендеді, – деді Ғ.Әбішев.

Спикердің сөзінше, коронавирус пандемиясының болжанып отырған жаңа толқынына дайын болу үшін провизорлы және инфекциялық стационарлардың жұмысын әзірлеу мақсатында арнайы 3 сценарий бекітілген. Ал қаланың медицина ұйымдарында тұрақты эпидемиологиялық жағдай кезінде жоспарлы түрде 1380 төсек-орын дайындалған. Егер қолайсыз эпидемиологиялық жағдай туындаса, бұл көрсеткіш 4025 төсек-орынға дейін ұлғаяды.

Ғалымжан Мотайұлының мәліметіне сүйенсек, пневмония диагнозын анықтау үшін 3 КТ аппараты, медициналық ұйымдарда материалдық-техникалық базаны толыққанды қамтамасыз ету үшін 88 ИВЛ аппараты сатып алынған. Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен 156 ИВЛ аппараты жеткізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, 250 «Бобров» аппаратын сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, қалада эпидемиологиялық ахуал кезінде коронавирус індетінің 5 182 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 4 498 (87%) науқас дертінен сауыққан.

 

QAINAR KÓZШымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы