Шымкентте әйелді зорлауға тырысқан ер адам ізін суытпай ұсталды. Қылмыс кеше кешкі сағат 22:00 шамасында орын алған.

Шәмші Қалдаяқов көшесінің қиылысымен Абай даңғылының бойындағы үйіне қайтып келе жатқан әйелге белгісіз ер адам шабуыл жасаған. Ол келіншекті ұрып, адам жоқ жерге алып барған. Жыныстық сипаттағы әркеттер көрсетіп, телефоны мен жүзігін тартып алған. 35 жастағы әйел қарсылық білдіріп, көмекке шақырған.

Араға жарты сағат салып, Абай ауданының патрульдік полиция полкінің қызметкері зардап шегушінің сипаттамасына сай келетін адамды қолға түсірді. Тексеру кезінде 38 жастағы тұрғынның қалтасынан алтын сақина мен зардап шеккен адам көрсеткен ақша сомасы табылыпты.

Күдікті: «Ол маған неке сақинасын берді. Мен телефонды алмадым. Мен дүкенге нан алғалы барғам. Әйел шығып «кешіріңіз, сіз көмектесе алмайсыз ба» араққа ақша жеткіліксіз деді де сексуалдық сипаттағы қызмет ұсынды. Мен қалтамдағы бар ақшамды бердім».

«Шұғыл шақырылым» бағдарламасының түсірілім тобы жарақат алған әйелден аурухананың кіреберісінде түсініктеме алып үлгерді. Күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

«Кешке жұмыстан қайтып жатқам, белгісіз біреу қолымнан ұстап, стендке қарай сүйреп апарды. Тұншықтырды. Ол менің сақинам мен әмиянымды, телефонымды тартып алды» дейді зардап шегуші.

Мақпал РЫСБАЕВА