Жазғы аптап күшейген сайын суға шомылу орындарына сұраныс арта түсетіні белгілі. Ал Шымкенттегі қолайлы әрі тегін демалыс орындарының бірі — Қошқар ата өзені. Бүгінде бұл өзен жаңа демалыс аймағымен толыққан.
Көпшілік біле бермейтін бұл шомылу орны Республика даңғылының бойында орналасқан. Өзен арнасының ішінде балалар мен ересектерге арналған бассейн қарастырылған. Суы табиғи бастаудан келетіндіктен, тіпті жаздың аптап күндерінде де салқындығын сақтайды. Қошқар ата өзенінің бойында демалушыларға қажетті жағдайдың бәрі жасалған.
Қошқар ата өзені бұрыннан шымкенттіктердің сүйікті шомылу орындарының бірі болған. Қала қариялары мұны жақсы біледі. Бір кезеңде өзеннің жағдайы нашарлағанымен, бүгінде ол қайта жаңарып, қаланың басты су арнасы ретінде жаңаша тыныс алып отыр.
Табиғатты аялау – баршамызға ортақ парыз. Сондықтан қала тұрғындарын тек арнайы белгіленген жерлерде ғана шомылуға шақырамыз. Өкінішке қарай, Қошқар ата өзеніндегі қоқыс табиғатқа бейжай қараудың салдары болып отыр.
Лаура Бабас






