Зергер мемлекеттік грант жеңіп,өз шеберханасын ашты

23

Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғын мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібін бастады, – деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Нұрбек Төлбасы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шеберхана ашып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Ол зергерлік бұйымдар жасаумен айналысатын шеберхана ашу идеясын ұсынып, бағдарлама шеңберінде 555 600 теңге қаржыға қол жеткізген. Әзірге кәсіпкер інісін жұмысқа алған. Алдағы уақытта әшекей бұйым жасайтын шеберлерді жұмысқа тартып, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Шеберхана иесі қазірдің өзінде өнімге деген сұраныс жоғары екенін айтады. Тапсырыстарды әлеуметтік желілердің көмегімен қабылдап, жұмысын жүргізіп келеді.

Айта кететіндігі, жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы халықтың тұрмысын жақсартуда өз тиімділігін көрсетуде. Әсіресе, аталған бағдарламаның екінші бағыты аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алуға ниетті азаматтардың қатары күн санап артуда.

Жалпы осы жылы Арыс қаласында аталған бағдарламаны тиімді пайдаланып, өз кәсіптерін дамыту үшін 139 грант бөлінсе, оның 80-і игерілген.