Министрдің көмекшісі Шымкентке келді

197

 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесші Айжани Нұрланова Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Министрлік өкілі алдымен қалалық жұмыспен қамту орталығына табан тіреп, мекеме тарапынан «Еңбек» бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанын бақылап көрді.

Келушілермен және орталық қызметкерлерімен тілдесті. Өз кезегінде орталық қызметкерлеріне азаматтарға сапалы әрі уақытылы қызмет көрсетуді негізгі міндет санау керектігін назарларына салды.

Осыдан кейін Айжани Нұрланова жуырда ашылған «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығына барды. Онда атаулы әлеуметтіу көмек алатын, мемлекеттік грантқа ие болған және Жастар практикасына қатысушы азаматтармен кездесті. Басқосуда министрлік өкілі халықты жұмыспен қамтуға, халыққа көмек беруге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға, олардың республика деңгейінде жүзеге асырылуына кеңінен тоқталды. Басқосуда азаматтар министрлік өкіліне сауалдар қойды және олардың әрбір сауалы жауапсыз қалған жоқ.

Жалпы, 2020 жылдың 8 айында 26 435 аз қамтылған отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Оның 4607-не шартсыз, 21 828-не шартты. 5372 отбасының табыстары асып кетуіне байланысты тағайындаудан бас тартылған.

Ал, «Жастар практикасы» бойынша ағымдағы жылы 3042 басты қамту керек болса, 8 айда 2099 жұмыссыз жас бағдарлама аясында қаладағы түрлі мемлекеттік және жекеменшік мекемелерге, өндіріс және кәсіп орындарға жолданды.