Саяжайға қатынайтын жалғыз маршрут тоқтап тұр

93

Арнамызға Қайнар бұлақ саяжайының тұрғындары хабарласты. Қала тұрғындарының айтуынша, саяжайға 70 нөмірлі жалғыз автобус қатынайтын. Бірақ қазір бұл көліктер маршруттан алынып тасталған. Қала орталығымен қатысы қиындаған халық билік өкілдерінің бұл шешімін түсіне алмай дал. Түйіткілді мәселеге арна тілшілері араласып көрді.

Шымкенттегі Т. Рысқұлов, Дулати көшелерінің қиылысында күн сайын халық көптеп шоғырланады. Дәл осы аумақтан жолаушылар саяжайларға қатынайды. «Қайнар бұлаққа» баратын жалғыз №70 автобус та осы жерге тоқтайтын.

Түсірілім кезінде айналасы бір сағат ішінде бұл маңайдан 70 автобусты көре алмадық. Тұрғындар үйлеріне жету үшін бір автобустан келесісіне ауысуы керек екен. Болмаса, такси қызметіне жүгінеді.

Ал жолаушылар тасымалына жауаптылар бұл мәселені мердігерлерге жауып отыр. Айтуларынша, тасымалдаушы компания карантин кезінде айтарлықтай шығынға ұшырапты. Сондықтан да жолаушыларға бұрынғыдай қызмет көрсете алмайды екен. Саяжайға қатынайтын 70-ші маршрут қазір конкурсқа шығарылған.

Наурыз СҮГІРӘЛИЕВ, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Заңға сай конкурс ұйымдастырылған 10 күн ішінде келісімдер жасалуы керек. Бірақ, бұл процесті тездетеміз. Айдың соңына дейін шешетін боламыз».

Салаға жауаптылар 70-ші бағытқа жаңа көліктер қатынайтынын айтады. Бұдан былай саяжайға елімізде құрастырылған жаңа жасыл автобустар жүретін болады.

Мақпал РЫСБАЕВА