Түркістан облысында коронавирустан екі ғана адам емделіп жатыр

163

Түркістан облысы қатерлі індеттің екінші толқынына дайын. Осылай деген өңірдің бас дәрігері препараттардан еш проблема тумайтынына сенімді. Сөзінше, аймақтың әр ауданына өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізілген. Марат Пашимов сөзінше бүгіннің өзінде өңірде бірнеше провизорлық орындар әзірленіп қойған.

Кентау қаласындағы бұл орталық ауруханада коронавирус жайлы еске алудың өзі қиын. Себебі, індет ушығып тұрғанда науқастардың басым бөлігі дәл осында емделген. Енді міне дәрігерлер араға үш ай салып, келуі мүмкін деген дертке дайын екендерін айтады. Меценаттар бөлген қаржыға оттегі мен екі айға жететін дәрі қорын да сатып алыпты.

Гульбану СЫЗДЫҚОВА, Кентау қаласы орталық ауруханасының бас дәрігері: «Бұл антибиотиктер емес, бұл антикогулянттар. Біздіңше дәрі қоры жеткілікті. «СК фармация» бізге 8 млн. теңге бөлді. Қала берді «Мейірімді жүрек» қоры да бар қажетімізді қамтыды».

Қажетті заттар Ордабасы ауданында да түгел қамтылған. Осылай деген аумақтың бас дәрігері мұнда да науқастардың аз болмағынан айтады. Себебі дәл осы аудан Шымкентпен шекаралас. Тиісінше вирус жұқтырғандардың да қатары көп болыпты.

Ал, бұл Ордабасы ауданындағы су жаңа провизорлық орталық. 50 орындық госпиталь жылжымалы оттегі аппараттарымен қамтылған. Екі бөлікке бөлінген кешеннің қызыл жағында вирус жұқтырғандар жатса, келесі бөлігінде қатерлі індет белгісі барлар жайғастырылады. Бұған қоса ПЦР тесттен өтуге мүмкіндік жасалған. Тест нәтижесі бірер сағаттан кейін белгілі болады екен.

Бахытжан МЫРЗАҒАЛИЕВ, Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері: «Бізде барлығы дайын. Дәрі-дәрмек 3 айға жетеді. Жаңа провизорлық орталық қазірдің өзінде науқастарды қабылдауға дайын. ПЦР тестті тапсыруға да жағдай жасалған. Шын айтқанқанда, алғашқы толқында әбден әбігерге түскен едік».

Түркістан облысы бас дәрігерінің сөзінше қазір мұндағы ахуал тұрақты. Десе де ел арасында үрей әлі де сейілген жоқ. Алғашқы толқында секем алған жұрт, жауаптылар уәдесі тағы да сөз күйінде қала ма деп қорқады.

Жалпы Түркістан облысында вирус жұқтырғандар саны күннен күнге азайып келеді. Бүгінгі таңда облыстың инфекциялық орталығында коронавирустан екі адам емделіп жатыр.

Назерке Үкібасова