«Алтын күз-2020»: Үздіктер анықталды

419

Түркістан облысының орталығында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібіның қызметкерлерінің  «Алтын күз- 2020» кәсіби мерекесі атап өтілді.

Коронавирус індетіне байланысты енгізілген карантинге қарамастан саладағы жүйелі жұмыстың арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізілген. Өңірде 10 айдың қорытындысы бойынша 635 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 млрд теңгеге артық.

Салтанатты жиында жоғары көрсеткіштерге жеткен үздік аудандар мен егін, мал, жылыжай, бақша, мақта өсіруде озат атанған жерлестеріміз марапатқа ие болды.

Түркістан өңірінде биыл егістік жерлердің көлемі 17 мың гектарға артып, 786 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Гектарынан 20,5 центнерден есептегенде 513 мың тонна дәнді-дақыл жиналыпты. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы көрсеткіштерін жоғары деңгейде орындаған Қазығұрт ауданы облыста көш бастады.

Биыл көкөніс және бақша өнімдерінен де жиын терім мол, 1 млн тонна өнім жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 мың тоннаға артық. «Алтын күз-2020» мерекесінде осындай жоғары көрсеткіштерге үлес қосқан озат бақша өнімдерін өндірушілер құрметке бөленді.

Нұржан Нұрашов, «Озат бақша өндіруші» номинациясының иегері: «200 га суармалы жерім бар еді, соның жартысына көкөніс егіп, өте жоғары өнім алдық. Сатуда проблемалар болмады, Ресейге жібердік».

Түркістан облысының еңбеккерлері мал шаруашылығын дамыту, мал бордақылау бағытында елеулі жетістіктерге жетті. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бүгінде ауылдағы ағайын үкімет тарапынан субсидия алып, кәсібін дөңгелетуде.

Садық ӘУЕЛБЕКОВ, «Озат қой шаруашылығын дамытушы» номинациясының иегері: «2006 жылы уақ малдан бастап қазір 3600 аналық қой бар. Бүгін міне, еңбегімізді елеп марапаттауда, мотивация керемет, жұмысымызды жалғастырамыз».

Мұрат БЕКБОСЫНҰЛЫ, «Озат жүгері өндіруші шаруашылық» номинациясының иегері: «350 гектар жерге 250 га жүгері отырғыздық. Өнімді «Бөрте», «Ордабасы құсқа» тапсырдық, сұраныс жоғары егістік көлемін арттырамыз».

Ауыл шарауашылығы саласына ірі көлемде инвестиция тартқан Ордабасы ауданы облыста үздік болып танылды. Ал шардаралықтардың балық шаруашылығын жүргізіп,өнімдерін экспортқа шығаруы бүгінде тек өңірге ғана емес, бүкіл еліміздегі аймақтарға үлгі деп атап өтті өңір басшысы.

«Шардаралық  шаруашылық бүгінде шетелге  балықтың 15 түрін экспорттауда. Әлем нарығына шығу үшін жаңа технологиялар кеңінен пайдалануымыз керек. Сұранысқа ие жеміс жидектермен айналысу керек, көзқарасты өзгерту керек», дейді  Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

«Облыс орталығының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тозығы жеткен каналдар, су қоймалары жөнделіп, жаңбырлатып, тамшылатып суғару әдістері қолдануда. Бұл ағын суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Биыл қарқыннан таймасақ, келер жылы да толағай жетістікке жетеміз» деп қорытындылады салтанатты шараны облыс әкімі.

Шынар Оразова