Бүгін Еңбекші ауданының салықшылары сауда орындарына, кәсіпкерлік нысандарға  онлайн бақылау-касса машиналарын колдану туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жалпы, талапқа сай патентпен жұмыс істейтін әрбір кәсіпкер осындай аппараттар арқылы есеп айырысуы керек. Алайда, әлі күнге ауданда құрылғыны құнттамай отырған сауда орындары бар. Айта кетейік, ауданда бүгінде 20 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Соның тең жартысына кассалық машиналар пайдалану міндеттелген.

Қалия САПАРБЕКОВА, Еңбекші аудандық МКБ бөлім басшысы: «Барлық кәсіпкерлерді бақылау-кассалық машиналарды пайдалануға шақырамын. Біз бұл бағытта ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз».

Салаға жауаптылар тұтынушылардың да көлеңкелі бизнеске жол берілмеуіне атсалыса алады дейді. Ол үшін сауда – саттық жасаған әрбір клиент чек талап етуі тиіс. Егер талап етілген түбіртек тұтынушыға берілмесе, ол салық органдарына шағымдана алады. Мұндай келеңсіздіктер бірнеше рет қайталанса, кәсіпкер айыппұлға тартылады.

Мақпал РЫСБАЕВА