Шымкент қаласында, оның ішінде Еңбекші ауданында жасалған қылмыстардың алдыңғы қатарында алаяқтық дерегі тұр. Прокуратура мәліметінше, биыл бұл қылмыс саны 2 жүзден асқан. Істің көбі сотқа жолданған.
Биыл Шымкентте алаяқтық біршама азайған. Мысалы, Еңбекші ауданында өткен жылдың алғашқы 11 айында мыңға жуық қылмыстық іс тіркелсе, биыл оның саны тоғыз жүзге жуықтаған. Оның өзінде 900-ден аса қылмыстық іс тіркелген. Оның 236-сы алаяқтық бабымен қозғалған.
АХМЕТ ЖҮЗБАЕВ, ПРОКУРОР: «Жалпы осы алаяқтықтың ішінде әрбір төртіншісі – ол интернет-алаяқтық. Банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, жеке деректерді талап ету, Жалған интернет-дүкендер мен сайттар арқылы тауарлар ұсыну, Әлеуметтік желілер арқылы жалған ұтыс ойындарын өткізу, Мессенджерлерде «таныстардың» атынан ақша сұрау болып табылады».
Интернет алаяқтық қылмысы үшін Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни «Алаяқтық» бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен жауапкершілік қаралған. Бұл үшін мың айлық есептік көрсеткіш, мың сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қаралған. Бұдан бөлек, биыл «Жалған төлем карточкалары мен өзге де төлем және есеп айырысу құжаттарын жасау немесе өткізу» бабымен де алаяқтар жазаланатын болды.
АХМЕТ ЖҮЗБАЕВ, ПРОКУРОР: «Мысал ретінде 24 қазан 2025 жылы аудан прокуратурасымен ҚР ҚК-нің 190-бабаның 3-бөлігінің 4)тармағымен, ақпараттық жүйені және интернет желісін пайдаланушыны алдау арқылы сенімін теріс пайдалану жолымен бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша «Ж» есімді азаматқа қатысты тіркелген қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолданып, соттың 26 желтоқсан 2025 жылғы үкімімен кінәлі деп танылып 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынын айыру жазасы тағайындалған. Сотталған азамат «OLX» және «КРЫША» әлеуметтік желілері арқылы пәтерлерді қысқа және ұзақ мерзімге жалға беретінін жалған түрде жариялып, Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарын алдап, 100000 – 300 000 теңге аралығында материалдық шығындар келтірген».
Прокуратура алаяқтық және интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында аудан аумағында халық көп шоғырланатын орындарда, атап айтқанда базарлар, сауда орталықтары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, оқу орындары мен тұрғын үйлер аумағында күнделікті түсіндіру жұмыстары жүргізіп жатыр.
Мамандар тұрғындарға бейтаныс адамдарға жеке деректерді бермеуге, белгісіз сілтемелерге өтпеуді және интернет арқылы алдын ала төлем жасамауға, банктен немесе мемлекеттік органнан хабарласқан адамдардың шын екенін ресми нөмірлер арқылы тексеруге, алаяқтық белгілері байқалса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады.
Дилара Иса






