«Газ баллондарынан әзірге бас тарту мүмкін емес»

76

«Газ баллондарынан әзірге толықтай бас тарту мүмкін емес». Бұл туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.

Ведомства басшысының сөзінше шалғайдағы ауыл кәсіпорындары әлі де сапасыз газды пайдаланып келеді. Кесірінен, күні кеше елордада қайғылы оқиға орын алды.

Нұрлан НОҒАЕВ, ҚР Энергетика министрі: «Жарылу қаупі бар газ баллондарынан толықтай бас тарту мүмкін болмайды. Себебі шалғайда орналасқан ауылдарда, кейбір кәсіпорындар әлі де осы газды пайдаланып келеді. Осы сұрақ астарында жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы қайғылы оқиға аталып отырған шығар. Бұл жағдайға байланысты қаза болған адамның жақындарына көңіл айтамын».

Сондай-ақ, министр биыл мұнайдың өткен жылдан 5 млн тоннаға аз өндірілгенін айтады. Қара алтынның аз өндірілуіне коронавирус кесірін тигізген. Салдарынан шетелге экспорт та кеміпті.

Айта кетейік, бүгінге дейін мұнайдың тек 56 млн тоннасы ғана сатылып үлгерген. Бұдан бөлек, министр 23 – желтоқсанда кен орындарының аукционы өтетінін мәлімдеді.

Бірақ, оны сатып алуға сұранғандардың аз екенін жоққа шығармады. Және алдағы уақытта Ресейден еліміздің шығысына табиғи газ тартылатынын жеткізді. Бүгінде аталмыш жоба бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.

                                                                                               Назерке Үкібасова