Úı ANONS Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы JUNIOR DAVIS CUP турнирінің плей-офф кезеңіне бірінші орынмен шықты

Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы JUNIOR DAVIS CUP турнирінің плей-офф кезеңіне бірінші орынмен шықты

16 жасқа дейінгілер арасында Азия және Мұхит жағалауы аймағы бойынша өтіп жатқан командалық әлем чемпионатында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы тартысқа толы кездесу өткізді. Топтағы көшбасшылықты анықтайтын шешуші бәсекеде отандастарымыз жарыстың екінші нөмірлі командасы саналған Оңтүстік Кореяны күтпеген жерден жеңіп кетті. Бұл тартыста Ахмади Маханов нағыз ерлік көрсетті. ITF Junior рейтингінде 368-орында тұрған отандасымыз әлемнің 192-ракеткасы Ким Дон Чжэні қапы қалдырып, сенсация жасады.

 

Соңғы ұпайға дейін шиеленісті өткен бұл кездесу үшінші сеттің тай-брейкінде Махановтың драмалық жеңісімен аяқталды — 6:2, 3:6, 7:6 (7:3) есебімен. Осы жеңістің арқасында Қазақстан құрамасы плей-офф кезеңіне өз тобынан бірінші орынмен жолдама алды.

 

Қазақстан құрамасы Шымкентте өтіп жатқан  іріктеу кезеңінде қарсыластарына шақ келтірмей, топтық кезеңді басымдықпен аяқтады. Теннисшілеріміз үш кездесудің бәрінде жеңіске жетіп, топта оқ бойы озық шықты. Олар алдымен Түрікменстан мен Пәкістан құрамаларын 3:0 есебімен айқын ұтса, кейін Оңтүстік Кореямен болған тартысты бәсекеде де қарсыластың мысын басты. Енді Қазақстан командасы ширек финалда Гонконг құрамасымен кездеседі. Гонконгтықтар өз тобында турнирдің басты фавориттерінің бірі — Жапониядан кейінгі екінші орынды иеленген болатын.

 

ӘДІЛЕТ ПІРІМҚҰЛОВ, «ТЕННИС ФЕДЕРАЦИЯСЫ» РҚБ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Қазір Шымкентке 15 команда келді, соның ішінде Аустралия, Жапония, Корея, Жаңа Зеландия, Қытай, Тайбэй, Тайланд және тағы басқалары бар. Теннис федерациясының Шымкентті таңдауы ауа райының қолайлылығы мен логистиканың ыңғайлылығына байланысты. Қазір бізде керемет әуежай жұмыс істеп тұр, қатынайтын бағыттар да көп. Осы кезеңде біздің құрама өте жақсы өнер көрсетіп жатыр, 2 ойында жеңіске жетті. Бүгін Корея құрамасымен ойнайды, топтан бірінші орынмен шығуға мүмкіндік бар. Біздің балаларға келетін болсақ, шымкенттік жасөспірімдер қазір құрама сапында өзін тамаша қырынан көрсетуде. Мәселен, Қазақстан құрамасында 14 жасқа дейінгілер арасында Ярослав Бобров бар. Ол қазір Азия теннис федерациясының турнирлеріне қатысып жүр, өткен аптада Ыстықкөлге ATF жарысына аттанды».

 

Қазірде  теннисшілер арасында әлемдік элитаға жолдама алу үшін тартыс қызып тұр. Іріктеу қорытындысы бойынша ең үздік шыққан төрт команда осы жылдың қараша айында өтетін Junior Davis Cup турнирінің финалдық кезеңіне тікелей жолдама алады. Қазақстан құрамасы үшін бұл мәртебелі кубокқа таласу ғана емес, сонымен бірге отандық теннистің жаңа буынының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеуге зор мүмкіндік.

Ботакөз Әнуар