Газды үнемдеймін деп көз жұмды

231

Газды үнемдеймін деп көз жұмды. Оқыс оқиға Жетісай ауданына қарасты Жылысу ауылында болған. Ағайындылар көгілдір отынды үнемдемек болып мұржаны бітеп ақыры улы газдан көз жұмған.

Бұл үйде 62 және 50 жастағы ағалы-інілі ағайындылар ғана тұрған екен. Олар үйінен шықпай қалған соң, баспанаға бас сұққан көршілер улы иісті сезеді. Есік-терезені ашып, үй ішін желдетіп жүргенде бөлменің бірінде сұлқ жатқан үй қожайындарын байқайды.

Жедел-жәрдем мен төтенше жағдайлар мамандарын шақырғанымен ағайындыларды құтқару мүмкін болмады. Көршілердің айтуынша, ағасы мен інісі бірнеше күн бұрын ғана мұржаға темір түтік орнатып, газды үнемдемек болғанын айтқан екен. Сөйтіп, сыртқа шығуы керек 80 пайыз улы иіс баспананың ішіне ұрады.

Айта өтсек, жыл басынан бері улы газдан осымен 5 адам қайтыс болды. Ал, төтеншеліктер жылыту құрылғыларына барынша мұқият болуға шақырады.

Асанғали ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, Түркістан облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бастығының орынбасары: “Енді осындай жағдай алдағы уақытта орын алмау мақсатында облыс тұрғындарын қатаң өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырамыз. Және газ қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шараларын, сонымен қатар мамандандырылған газ қызметкерлерімен бірлесіп орнату барысында да немесе қандай да бір сұрақтар бойынша сол кісілермен бірлесіп істеуге шақырамыз».

Нұрлан Сұлтанбек