Келес ауданында 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша 2094 оқушы мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басты. Биылғы түлектер білім мен ғылым жолындағы жоғары жетістіктерімен ерекшеленіп, ауданның білім саласындағы оң көрсеткіштерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, мектеп бітірушілердің 108-і «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болса, 189 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл көрсеткіштер оқушылардың қажырлы еңбегі мен ұстаздардың сапалы білім беру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады.
Сонымен қатар, аудан мектептері арасында үздік көрсеткіш көрсеткен білім ошақтары да анықталды. «Алтын белгі» иегерлерінің саны бойынша №20 Т.Бердияров атындағы мектеп пен №39 Л.Жолдасов атындағы мектептер көш бастап, әрқайсысында 7 оқушыдан жоғары марапатқа ие болды. Ал №1 О.Есімов атындағы мектеп пен №7 жалпы білім беретін мектепте 6 оқушыдан «Алтын белгі» иегері шықты.
«Үздік аттестат» иегерлері бойынша да бірқатар мектептер жоғары нәтиже көрсетті. №13 Т.Бигелдинов атындағы мектеп пен №39 Л.Жолдасов атындағы мектептерде 12 түлектен үздік аттестат иегері болса, №2 Ә.Жәнібеков атындағы мектепте бұл көрсеткіш 11 оқушыны құрады.
Жас түлектердің бұл жетістігі – олардың білімге деген ұмтылысының, ата-аналардың қолдауы мен педагогтердің тынымсыз еңбегінің жемісі. Келестік түлектер алдағы уақытта еліміздің дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасатынына сенім мол.Аудан жұртшылығы барлық түлектерді мектеп бітіруімен құттықтап, оларға жарқын болашақ, биік мақсаттар мен толағай табыстар тілейді.







