Түркістанды енді жаңа қырынан тамашалауға болады. Шаһарда тұрғындар мен туристерге арналған экскурсиялық автобус іске қосылды. Бағыты қандай? Қандай тарихи орындарды қамтиды? Жол ақысы қанша? Туристерге қандай мүмкіндік ұсынылады?
Түркістанда тұрғындар мен туристерге арналған жаңа автобус іске қосылды. Жоба қонақтарға қаланы ерекше қырынан көрсетуге мүмкіндік береді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров экскурсиялық автобуспен шаһарды аралап шықты. Туристік бағыттар мен қызмет көрсету сапасымен танысты.
Маршрут бағыты әуежайдан басталады. Жаңа қала, Ботаника бағы, Мұз сарайы, Әкімшілік-іскерлік орталық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Керуен-сарай кешені сияқты маңызды орындарға жүреді. Бағасы да белгіленген. Мысалы, 5 жасар балаға дейін тегін жүреді. 5 жастан 14 жасқа дейін – 2000 теңге. 14 жастан асқандарға жолгүре — 3000 теңге. Зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдік беріледі.
Облыс әкімі қаладағы негізгі тарихи-мәдени және туристік нысандарды қамтитын маршруттың мүмкіндіктерін көрді. Тұрғындар мен қонақтарға ұсынылатын сервистік қызметтердің деңгейіне назар аударды. Мысалы, автобус ішіне кондиционер орнатылған. Wi-Fi желісі және USB қуаттау құрылғыларымен толық жабдықталған. Айта кетейік,«Red Bus Turkistan» экскурсиялық автобусы туристерге қаланың көрікті орындарын жайлы жағдайда аралап, аудиогид арқылы Түркістанның тарихы мен мәдениеті жөнінде ақпарат алуына мүмкіндік береді.
Дилара Иса



