Úı ANONS 6 жасар балаға күрделі ота жасалды

6 жасар балаға күрделі ота жасалды

Дәрігерлер дабыл қағуда. Себебі зәр ұстай алмайтын балалар саны артып барады. Мәселенің өзектілігі сонша, Түлкібасқа Түркиядан білікті маман арнайы шақыртылды. Ол 6 жасар балаға ота жасап қана қоймай, жергілікті мамандарға шеберлік сабағын өткізді. Тәжірибе алмасу барысы мен отаның нәтижесі туралы толығырақ сюжеттен көріңіздер.

Ота баланың қуығына жасалды. Ол бұған дейін зәрін ұстай алмай, бірнеше жыл бойы осы дертпен күресіп келген. Науқасқа бұған дейін екі мәрте жасалған ота нәтиже бермегендіктен, бұл жолғы емдеу аса жауапкершілікті талап етті және 4,5 сағатқа созылды. Халықаралық деңгейдегі бұл операция тегін жасалып, сәтті аяқталды. Нәтижесінде баланың сауығып кетуіне мүмкіндік туды.

 ЖАНСАЯ ОРАЗОВА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ: «Бізде бірінші жыл емес. Бізде 24 жылдан бастап нақты белгіленген диагноз болатын. Сондықтан бірден қадам басып келе салған жоқпыз. Жан-жақтан қарап, өте білімді адамдар болғаннан кейін бірінші Аллаға, екінші осы кісілердің қолына сеніп тапсырдық».

 

Ота Түркиядан арнайы шақырылған профессор Керем Шайхмус Өзелдің жетекшілігімен өтті. Құрсақтағы нәрестелерге операция жасайтын дәрігер бұған дейін 200-ге жуық ота жасаған.

КЕРЕМ ШАЙХМУС ӨЗЕЛ, ФЛОРЕНС НАЙТИНГЕЙЛ УНИВЕРСИТЕТТІК КЛИНИКАСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ: «Ота сәтті өтті. Бұндай диагноздағы науқасқа Қазақстанда алғаш рет ота жасап отырмын. Бауырлас қазақ елімен 5 жыл көлемінде тәжірибе алмасып келеміз. Дәл осы ауруханаға үшінші рет келіп отырмын. Дәрігерлердің жыл сайын біліктілігі артуда. Менің де үйренерім көп. Алда шілде айында Алматыға келетін боламын. Және болашақта Қазақстанмен фетальді терапия бойынша зерттеу жүргізсек деймін».

Отаға Түркістан облысынан келген балалар хирургтері қатысып, шетелдік маманның жұмыс әдістерін жіті бақылап отырды. Кейін өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибе алмасты.

 ҚАНАТ ДӘУЛЕТҰЛЫ, БАЛАЛАР ХИРУРГІ: «Ерекшеліктері өте көп екен негізі. Біз білетін әдіс басқаша болатын. Қазіргі функционалды ерекшеліктер бар ғой науқастардың. Сол ерекшеліктерінен ота сәл созылды. Бірақ көруге, үйренуге жақсы ота болды».

Түлкібас аудандық орталық ауруханасында балалар хирургиясы бөлімі екі жыл бұрын ашылған. Аурухана аудандық медициналық ұйымдар арасында алғашқылардың бірі болып жоғары санатқа ие болған. Бүгінгі күнге дейін мұнда мыңға жуық бала ем қабылдаған. Соңғы жылдары балаларды қабылдау көрсеткіші екі есеге артқан.

ЖАННА ЕСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, ТҮЛКІБАС АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Біз отаның 32 түрін жасайды. Ол дегеніміз біздің республикалық деңгей. Және халықаралық деңгей деп айтсақ болады. Сондықтан бізде тек Түлкібас ауданының балалары ғана емделмейді. Статистикаға қарасаңыз Қазақстанның бүкіл қалаларынан келед»і.

Соңғы үш айда мұнда 125 ота жасалған. Хирургиялық белсенділік көрсеткіші 83 пайыздан асты. Отадан кейін науқастар арасында асқынулар мен өлім-жітім тіркелмеген. Сондай-ақ санавиация қызметінің көмегіне жүгіну қажеттілігі туындамаған.

Ботакөз Әнуар