Úı ANONS Бүгін музейге кіру тегін

Бүгін музейге кіру тегін

Бүгін Шымкенттегі барлық мұражайға кіру тегін. Халықаралық музейлер күні аясында қалада арнайы іс-шаралар өтеді. Көрермен көзайымына айналған сүйікті жұлдыздар келушілерді қарсы алып, тарих қойнауына сапар шегеді. Мәселен, «Шым қала» тарихи-мәдени кешені түнгі сағат 12-ге дейін келушілерді қарсы алмақ.

 

«Шым қала» тарихи-мәдени кешені – Шымкенттің сан ғасырлық тарихын айшықтайтын бірегей нысан. Бұл — жай ғана музей емес, қаланың тарихи жадын, рухани болмысын және мәдени мұрасын сақтаушы ашық алаң. Халықаралық музейлер күні қарсаңында орталық өз есігін айқара ашып, қонақтарын ерекше күтіп алды.

 

НҰРДӘУЛЕТ БАУЫРЖАН, ОҚУШЫ: «Мен бүгін осы музейге келіп, осы Шымқаланың ішін араладым. Өте керемет атмосфера және қазақи нақышта жасалған осы төбедегі музей, баяғы заманның адамдарының түрлері және олардың қыш құмыра және басқа заттары ұнады»

 

Тарихи кешендегі бұл тас баған – жай ғана көне тас емес, ғасырлар үнін сақтаған қасиетті белгі. Ол Ыдырыс пайғамбар мешітінің орнынан табылған көрінеді. Ежелгі Исфиджабтан жеткен бұл жәдігерді көру үшін шетелден арнайы келетіндер де бар. Халық аңызына сенсек, оған қол тигізіп тілек айтқан жанның арманы орындалады екен.

 

АҚЖАН ЕРЛАНҚЫЛЫ, ЭКСКУРСИЯ ЖЕТЕКШІСІ: «Бұл жерде куфа жазбаларында жазулар. Жоғары бөлігінде Алладан басқа тәңір жоқ. Мұхаммед оның елшісі және Рамазан айы 404 жыл деген жазбалар жазылған, жергілікті халық наным сенімдерге сену арқылы осы тасты тұрмысқа шықпаған адамдар немесе үйленбеген адамдар осы тасты ұстаса олар жақын арада тұрмысқа шығады немесе арман-тілектері болса орындалады деп сенеді. Осыған басқа қалалардан арнайы  келіп, тілек тілейтін жандар бар»

 

Бүгін «Шымқала» тарихи-мәдени кешені ерекше атмосфераға бөленеді. Келушілерді театрландырылған қойылымдар, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, шеберлік сағаттары және шам жарығымен өтетін түнгі экскурсия күтеді.

 

ЕРЛАН АСКЕРИНИ, ҚАЛАЛЫҚ МУЗЕЙЛЕР БІРЛЕСТІГІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Бүгін түнгі 24:00-ге дейін жұмыс жасайды. Сағат 17:00-ден бастап көптеген іс-шара өтеді. Қойылымдар, шеберлік сағаттар, көрме, гала концерт, шаммен экскурсия және жұлдызды гид жобасы».

 

Айта кетерлігі, «Шымқала» тарихи-мәдени кешені күн сайын 100-ден астам туристі қарсы алады. Олардың арасында алыс-жақын шетелден келген қонақтар да бар. Әсіресе Германия, Түркия, Қытай және АҚШ-тан келетін саяхатшылар бұл көне мекеннің тарихына ерекше қызығушылық танытады.

Лаура Бабас