Шымкенттегі барлық медициналық ұйымдарда тегін дәрі-дәрмек жеткілікті.
Мұны Денсаулық сақтау басқармасы мен «СҚ-Фармация» өкілдері мәлім етті. Сондай — ақ, олар медициналық мекемелерге препараттардың қалай жеткізілетінін айтты.
Шымкентте тегін дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Жауаптылардың сөзінше жыл басынан бері қаладағы медициналық ұйымдар 1 118 дәрілік зат пен медициналық бұйым сатып алу үшін өтінім берген. Сондай ақ, қосымша 768 атау бойынша да қажеттілік жеткізілген. Осы тұста қала тұрғындары дәрілердің уақытылы жеткізілетінін растап отыр.
Зылиха Умирова, қала тұрғыны: «Мен осы №6 емханада 20 жылдан бері есепте тұрамын. Қан қысым бойынша. Тағы да басқа аурулар. Уақытылы дәрімді алып отырамын, тегін дәрісін ішіп отырамын. Бірақ мен аптекадан сатып алмаймын. Осы жердің берген дәрілері жетеді»
Шымкент қаласында тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Өңірдегі 92 медициналық ұйым Бірыңғай дистрибьютор арқылы қажетті дәрілермен қамтамасыз етіледі.
ҰЛЖАН НҰҒМАНОВА, «СҚ-ФАРМАЦИЯ» ЖШС ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ: «Бірыңғай дистрибьютор биылғы жылы стационар шеңберінде 79 медициналық ұйыммен қосымша өтінімдерді ескере отырып, 18 млрд. теңгеден астам сомаға 1 005 дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жеткізуге шарттар жасасты. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде жөнелтуге түзетілген өтінімдер сомасы шамамен 16 млрд теңгеге 483 атауды құрайды»
Айта кету керек, бүгінде келер жылға қажетті дәрі-дәрмектер сатып алынған. Олар желтоқсан айында қоймаға түседі, ал медициналық ұйымдарға тарату қаңтарда басталады.
Лаура Бабас







