Орталық Азияда тұрмыстық техника мен электроника тауарларын өндіру саласындағы көшбасшылардың бірі ТМД елдері мен Қазақстан қалаларында ас үй плиталарын және басқа да көптеген техникаларды сатуда. Ал енді Түркістан облысында да жаңа өндіріс іске қосылды. Жобаның құны — 85 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл жыл сайын бір миллион тұрмыстық техника шығаруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Artel компаниясы тобының өкілдерімен кездесті. Ол жаңа серіктестерге өңірдің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкіндіктері туралы айтып, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдауға уәде берді. Мейіржан Мырзалиев мұндай жобаларды іске асыру екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету тұрғысынан маңызды деп санайды.
«Расында, Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығы екі мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды. Елдер арасындағы тығыз байланыстарды екі мемлекет басшылары бастап кетті, енді біз бірінші кезекте достық қатынастарға негізделген осы ынтымақтастықты лайықты жалғастыруымыз керек», — деп атап өтті Мейіржан Мырзалиев.
Ол бұл жобаның іске қосылуы елдегі тұрмыстық техниканың импортын алмастыруға және «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға қызмет ететінін атап өтті.
«Бұл бағыт Мемлекет басшысының алға қойған міндетіне сәйкес облыс әкімдігі үшін басым бағыт болып табылады», — деді әкім орынбасары.
Artel компаниясы Түркістан облысында ас үй плиталарын, ендірілген техниканы, қалыптау бұйымдарын және электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салады. Жоба 2 кезеңде жүзеге асырылады, бұл 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға көмектеседі.
Бірінші кезең-2021 жылдың соңына қарай жыл сайынғы қуаты 500 мың бірлік тұрмыстық техника, яғни ас үй плиталары өндірісін іске қосу.
Екінші кезең-2022 жылдың соңына қарай электр су жылытқыштарын өндіру.
Жобаны іске асыруды инвестициялар тарту және экспортты дамыту жөніндегі «Turkistan Invest» өңірлік агенттігі сүйемелдейді. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жүреді.