1 – ақпаннан бастап кімдерге екпе егіледі?

137
фото OstWest

Мереке күндерінен кейін Қазақстанда коронавирус қайта күшейді. Осылай деген еліміздің бас дәрігері Үкіметтің кезекті отырысында эпидемиологиялық ахуалды баяндады.

Алексей Цойдың мәліметінше, жаңа жылдан бері қатерлі індет 14 мыңнан аса қазақстандықтан анықталған. Кесірінен жағдай еліміздің бар аймағында өршіп тұр дейді ол.

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Коронавирус инфекциясы таралуының өсуі бүгінде барлық өңірде тіркеліп отыр. Сондықтан, жаңа Атырау облысының әкімі айтқандай, өңірлердегі жағдай тұрақты деген сөзге келісуге болмайды. Әсіресе, бұл Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына тікелей байланысты».

Денсаулық сақтау министрінің сөзінше 1 ақпаннан бастап қазақстандықтарға вирусқа қарсы екпе салына бастайды. Ол үшін жауаптылар Ресеймен келіссөздер жүргізуде. Егер екіжақты келісім бекітілсе, 20 қаңтар күні елімізге 20 мың доза вакцина жеткізілмек. Ал, оны алғашқы болып медицина мамандары қабылдайды екен. Осыдан кейін кезекте мұғалімдер, студенттер мен созылмалы ауруы бар науқастар тұр.

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Контингент келесі тәртіпте белгіленген: бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем қызметінің мамандарына, жан сақтау бөлімінің, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің, ауруханалардың қабылдау бөлімінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандарына, нақтырақ айтқанда 100 мыңға тарта азаматқа вакцина салынады».

Еліміздің бас дәрігерінің жаңалығы мұнымен бітпейді. Алексей Цой қатерлі індеттің наурыз аяғында күшейетінінін айтады. Көктемнің алғашқы айында күніне кем дегенде 3000 науқас анықталуы мүмкін. Ал, ауруханадағы орындар 24 мыңға дейін толуы ғажап емес дейді.

Бұдан бөлек, елдің бас дәрігері вакцина салынған жандардың медициналық жеке куәлігі болатынын айтады.

Назерке Үкібасова