Úı ANONS Бөртпе, сібір жарасы, туберкулез: 16,6 миллион екпе алынған

Бөртпе, сібір жарасы, туберкулез: 16,6 миллион екпе алынған

Түркістан облысында қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу үшін  17 миллионға жуық төрт түлік малға  екпе салу жоспарланған. Көрші Ресейде қауіпті аурулар тіркелген кезде бақылау күшейтілген. Осы және өзге де өзекті мәселелер облыс әкімдігінде өткен жиында сөз болды.

Ресейде төрт түліктен қауіпті инфекциялық аурулардың тіркелуіне байланысты Түркістан облысында жұмыс тобы құрылды. Өткен аптада Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарында мал арасында аусыл мен пастереллез ауруы таралғаны белгілі болған.

Қазақстан жағы лезде көрші елден мал мен ет өнімдерін әкелуге уақытша шектеулер енгізген. Аймақтағы жұмыс тобы да жануарларды заңсыз тасымалдауды тоқтату және аурулардың алдын алу бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітті. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында сөз болды.

Облыс әкімі ветеринария саласындағы жоспарланған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Тиісті мамандарға жиында айтылған мәселелерді бақылауға алып, жедел шешуді тапсырды. Ол мұның ауыл шаруашылығы үшін маңызды екенін және экспорттық әлеуетке тікелей әсер ететінін айтты.

Ресми мәлімет бойынша, аймақта биыл 5 қауіпті ауруға қарсы 16,6 миллион екпе жасау жоспарланған. Қазіргі таңда 9 миллион доза вакцина облыстың аудандары мен қалаларының уақытша сақтау қоймаларына жеткізілген. Бұл вакциналар бөртпе, сібір жарасы, туберкулез және эхинококкоз сияқты ауруларға қарсы салынады.

Дилара Иса