Шымкент дәрігерлері денесінің 92 пайызы күйік шалған қызылордалық тұрғынды аман алып қалды

186

 

Қызылорда облысының тұрғыны Кадырхан Алишер 2020 жылдың 14 қарашасы күні Шымкенттегі Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер науқастың денесінің 92 пайызы күйік шалғанын анықтап, «термиялық күйік» диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызды. Екі айға жуық ем алған 26 жастағы Алишер аман қалып, емі оң нәтиже берді. Қазір науқастың жағдайы жақсы.

«Науқас Қызылорда облысынан жедел жәрдеммен жеткізілді. Жағдайының ауырлығына байланысты науқасқа шұғыл түрде реанимациялық көмек көрсетілді. Жансақтау бөлімінде жағдайы жақсарған соң, палатаға ауыстырып, денесінің күйік шалған жері жазылды», – дейді күйік бөлімінің меңгерушісі Мұхит Досыбаев.

Алишердің сөзінше, үйде газ балоны жарылып, денесін толығымен күйік шалған. Науқастың өзі әу баста аман қалуына күмәнмен қарағанын жасырмайды.
«Ауруханаға түскенде аман қалуым екі талай деп ойладым. Қорқынышты ойлар мазалады. Құдайға шүкір, ол күндер артта қалды. Дәрігерлерге мың алғыс айтамын», -дейді қызылордалық тұрғын.

Дәрігерлер науқастың жарақаттары толығымен жазылды дейді. Енді ауруханадан шыққан соң Алишер Қызылордаға оралмақ.