Úı ANONS Шымкенттік спортшылар ҚР чемпионатынан 16 медаль олжалады

Шымкенттік спортшылар ҚР чемпионатынан 16 медаль олжалады

Бірден 16 медаль. Шымкенттік жеңіл атлеттер Астанада өткен Қазақстанның XXXV чемпионатында осындай нәтижемен аяқтады. Команда қоржынында 7 алтын, 5 күміс және 4 қола жүлде болды. Кезекті жетістік шымкенттік жеңіл атлетика мектебінің ұлттық деңгейде ең жоғарғы орындар үшін таласа алатын спортшыларды тәрбиелеп шығаруды жалғастырып жатқанын тағы да дәлелдеді. 22-24 шілде аралығында өткен беделді жарыста еліміздің 17 өңірінен келген 265 мықты спортшы Қазақстан чемпионатының медальдары үшін таласты. Шымкенттік жеңіл атлеттер қаламыздың намысын лайықты қорғап, дайындық деңгейлерінің жоғары екенін көрсетті және тамаша нәтижелерге қол жеткізді.

 

ТОМИРИС ЕРМАТОВА, СПОРТШЫ: «Сапар сәтті өтті, жарыс өте жақсы шықты, мен диск лақтырудан бірінші орынды, сондай-ақ балға лақтырудан екінші орынды иелендім. Психологиялық тұрғыдан әрине әрқашан біраз қиын, әсіресе бұл ересектер чемпионаты болса, диск лақтыру сайысында бәсекелестік күшті болды, бірінші орын аламын деп ойламаған едім».

 

Шымкенттік жеңіл атлеттер әртүрлі қашықтықта бақ сынап, жақсы нәтиже көрсетті. Ал Жарылқасын Егізбай жеке көрсеткішін жақсартып, рекорд орнатты.

 

ЖАРЫЛҚАСЫН ЕГІЗБАЙ, СПОРТ ШЕБЕРІ: «Мен спорттық жүруден жартылай марафон қашықтығында жаңа жеке рекордпен және Қазақстан рекордымен бірінші орынға ие болдым».

 

Қазақстан чемпионатында сәтті өнер көрсеткен шымкенттік жеңіл атлеттер енді 22 тамызда Ташкентте басталатын Орталық Азияның ашық чемпионатында бақ сынауға дайындалуда.

 

АҚБІЛЕК ҚҰРАЛБАЙ, СПОРТ ШЕБЕРІ: «Осы жарыс ойдағыдай өтті. Нәтижеме көңілім толады, берілген тапсырманы орындай алдым. Егер шынымды айтсам маған қарсыластарым маңызды емес. Бірақ әрине қарсылас қыздар мықты. Бірақ мен қарсыластарыма мүлде мән бермеймін. Себебі тек өзіме, өз нәтижеме қараймын. Әрине мықты қарсылас болса маған жақсы мен қуанамын. Керісінше менде азарт пайда болады жеңуге деген».

 

Өңірдегі жеңіл атлетика қарқынды дамып келеді. Жергілікті спортшылар тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп, ел мықтыларымен иық тіресіп жүр. Оның айғағы – төрт шымкенттік спортшымыздың 5-9 тамыз аралығында АҚШ-та өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алуы.

 

ДЕНИС МОСЕЕВ, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА БОЙЫНША АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: «Қазір біз 35-ші Қазақстан чемпионатынан оралдық. 265 қатысушы болды, біз үшін бұл көп. Соңғы жылдары жеңіл атлетикада өсім байқалып жатыр, 16 облыс қатысты, құраманың барлық мықтылары жиналды. Онда Азия ойындарына іріктеу жүрді. Осы жерде біздің спортшылар да өнер көрсетіп, жалпыкомандалық 4-орынды иелендік. Бірақ бұл соңғы жылдардағы құраманың ең нәтижелі өнер көрсетуі болды. Өйткені мұндай бірінші орындар бізде бұрын соңды болмаған еді. Мен бірнеше рет айтқанымдай, бізде жеңіл атлетикада көтеріле бастауымызға септігін тигізген жақсы жас буын өсіп келе жатыр».

 

Қазақстан чемпионатының медальдары — шымкенттік жеңіл атлетика командасының соңғы жетістігі емес, бапкерлер штабы биыл спортшыларымыздың маңызды халықаралық жүлделерді жеңіп алатынына сенім білдіреді.

Ботакөз Әнуар