Түркістан: Мемлекеттік қызметшілер волейболдан бақ сынасуда

97

Мемлекеттік қызметшілер кеңсе киімдерін спорттық формаға алмастырды. Олар Түркістанда волейболдан облыстық қысқы біріншілікке қатысуда.

Алаңда кәсіби спортшылар орнына келген мамандар бас жүлде үшін 46 командамен бақ сынаспақ. Додада оза шыққан 16 команда аудан намысын қорғамақ.

«Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ!» атты ұранымен басталған жарыстың қорытындысы 25 қаңтарда белгілі болады. Спорт ойынының ашылуына Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «Салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығын өзімізден бастайық. Дені мен тәні сау ұрпақ тәрбиелеуде тұрғындарға үлгі болып, спортты сенімді серік етуді үйретейік. Өздеріңізге белгілі, елімізде бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінген. Бүгінгі біріншілікте баршаңызға сәттілік тілеймін. Іске сәт. Жеңістен жеңіске жете берейік».

Айта кетерлігі, бұл сайыс барлық санитарлық талаптарды ескере отырып ұйымдастырылған. Бұл іріктеуден сүрінбеген команда мүшелері республикалық жарыста облыс намысын қорғайды. Сайыста Түркістан облысы әкімдігінің басқармалары, аумақтық департаменттері, құқық қорғау органдары, аудандық әкімдіктер қатысуда.

Нұрлан Сұлтанбек