Автожолда төлем жүйесін енгізу бойынша тыңдау өтті

97

Түркістан қаласы әкімдігі ғимаратында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан қаласында «Шымкент-Тараз», «Шымкент-Түркістан-Қызылорда» автомобиль жолы учаскесінде қауіпсіз жүйені енгізу бойынша қоғамдық тыңдауы өтті. «Ақылы автожол» жүйесін жүзеге асыру бойынша жиынға «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің» басшысы Оразбеков Байдулла қатысты. Шара карантин талаптарына байланысты онлайн ұйымдастырылды.

Ақылы автожолдың негізгі мақсаты — жол қауіпсіздігі мен жол инфрақұрылымының дамуына ықпал ету, жолдың барлық қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, сапасын жақсарта түсу.

Жалпы, аталған жүйе алғаш елімізде «Нұр-Сұлтан-Щучинск» автожолында енгізілген болатын. Нәтижесінде, 7 жылдан астам уақыт ішінде бірінші санаттағы магистраль жиналған қаржы есебінен күтіліп, жолдың бойында қызмет көрсетудің сапасы жыл сайын жақсарып келе жатыр.

Барлық төлем жүйесі енгізілген автожол учаскелерінде міндетті түрде жарықтандыру, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, түнгі уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы белгілер мен катафоттар орнатылады. Ал мониторинг жүргізудің заманауи смарт-жүйесі жолдағы көліктердің легі мен көліктердің жылдамдығын бақылайды.

Сонымен қатар, арнайы байланыс орталығы құрылады. Жүргізушілер тәулік бойы 1403 call-орталығына тегін қоңырау шалып, ақылы автожолдарға қатысты сұрақтарына жауап ала алады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ақылы учаскелерде тәулік бойы патрульдеу жүргізіледі: жол қызметтері жолдың жай-күйін тексереді, жол жиегін тазалауды жүзеге асырады және төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсетеді.

Ал автожолдың ақысы көлік санаттарына қарай белгіленбек. Үлкен көліктер 4 санат бойынша 15 теңгеден 25 теңгеге дейін болса, жеңіл көліктер жылына 1000 теңге көлемінде төлем жасайды.