Жол саласындағы 13 техникалық қадағалаушыға 26 млн теңге айыппұл салынған

фото aptamedia.kz

Үшінші мегаполисте былтыр 13 техникалық қадағалаушыға айыппұл салынған. Сома – 26 млн. теңге көлемінде. Бұл туралы, «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Шымкенттегі филиалында өткен жиында айтылды. Ашық есік күнінде сонымен қатар мегаполис депутаттары мекеменің қызметімен танысып, жұмыс барысын бақылады.

Шымкентте өткен жылы жол саласында жұмысын дұрыс орындамаған 13 техникалық қадағалаушыға айыппұл салынды. Сома – 26 млн теңге көлемінде. Бұл туралы «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Шымкент қалалық филиал директоры мәлімдеді. Сөзінше, жол сапасының деңгейі әлі де көңіл көншітпейді. Ал оның бірден бір себебі – техникалық қадағалаушылардың дұрыс жұмыс жасамауы, дейді маман.

Мұхтар Дүйсембеков, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Шымкент қалалық филиалының директоры: «Кейінгі 4-5 жылдың ішінде мүлдем сапа жоқ деп айтуға болмайды. Сапа көтеріліп жатыр. Бірақ, өкінішке орай, әлі де шыңына жеткен жоқпыз. Біз анализ жасап көрдік, оған себеп, техникалық қадағалаудың дұрыс деңгейде жұмыс жасамауына байланысты көп ақаулар шығып жатыр. Соған байланысты біз ұсыныс көтердік, басқармаға да, әкімдікке де. Биыл орталыққа қаражат көбейтуге жоспарлап отыр».

Жол сапасына байланысты тұрғындар тарапынан түскен шағымдар азаймай тұр. Сапа деңгейін көтеру үшін бірлесіп жұмыс жасау мақсатында мекеменің қалалық филиалында ашық есік күні өткізілді. Іс-шараға «AMANAT» партиясының депутаттары мен бақылау комиссиясының мүшелері қатысты.

Жанар Бектаева, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Қаладағы жолдың сапасы қалай тексеріледі? Жалпы оған қаржыны кімдер бөледі, қалай бөледі, осының барлығына ықпал ету үшін бүгін арнайы «Аманат» партиясының фракция депутатттары мен партиялық бақылау келіп, осы жұмысты өз көзімізбен көруге келіп отырмыз. Әр қаладағы жолды сапасына, жаңбыр жауған сайын су толып қалу – барлығы осы стандартқа сәйкес еместіктерінен кездесетін жағдай. Мұны белгілі бір деңгейге көтеріп, мүмкін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу керек пе, жалпы сол жағын қарастырып жатырмыз».

Жол активтері ұлттық сапа орталығының жұмыс мақсаты – жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау. Мамандар алдағы уақытта автомобиль жолдарын диагностикалау және паспортизациялауды жолға қоюды ұсынуда. Сөздерінше, диагностиканың қорытындысы – қандай жұмыстарды атқару қажеттігін, оған керек материалдарды ерте деңгейде анықтауға мүмкіндік береді.