Ішіп алған погондыны тоқтатқан полицей жұмыстан шығарылды

470

Шымкентте ішіп алып көлік басқарған погондыны ұстаған полицей тек жұмыстан қуылып қана қоймай, ішкі істер органдарынан да шығарылды. Алайда бұл ақпаратты қалалық Полиция департаментіндегілерден алу тілшілер үшін оңайға соқпады. Ішіп алып көлік басқарған әріптесін тоқтатқан шымкенттік тәртіп сақшысының жұмыстан кетуіне теріс қылығы себеп болыпты-мыс.

Әлімхан ТЕМІРХАНОВ, Шымкент қалалық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі: «Тексеру барысында полиция қызметкері қызмет атқару барысында қызметтік бейнежазбалар мен ақпаратты бөгда адамға таратып бергені анықталды. 2020 жылы 30 желтоқсанда патрульдік полиция полкінің қызметкері полиция лейтенанты Жанбота Болат Орнақұлы құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін департамент тәртіп комиссиясының шешімімен ол ішкі істер органы қатарынан шығарылды. Тәртіп комиссиясы құрамында департамент бастығының орынбасары және басқарма басшылары кіреді».

Бірақ неге екені белгісіз, полицейдің жұмыстан өткен жылы босап қалғанынан қалалық Жергілікті полиция басқармасының басшысы хабарсыз болып шықты. Кезекті брифингтердің бірінде қойған сауалымызға жауап берген ол ішіп алып көлік айдаған погондыны тоқтатқандар жұмысын жалғастырып отыр деп бет бақтырмады.

«Ішіп алып көлік басқарған, оны Шымкенттің тәртіп сақшылары ұстаған болатын. Солар қызметтен шеттетілді деген сыбыс келді, сол рас па?», -деген сұраққа Шымкент қалалық ПД жергілікті полиция басқармасының бастығы Мұхтар БҰХАРБАЕВ: «Ол қызметтен шеттетілді деген несі жоқ. Қызметкерлер жұмыста жүр. Өз орнында қызметін жалғастыруда»,- деп жауап берді.

Естеріңізде салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Түркістан облыстық Полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкері Шымкент көшелерінің бірінде жол ережесін өрескел бұзып, полицейлерге бағынбай көлікпен қаша жөнелген болатын. Наркологиялық сараптамадан өткен жүргізушінің қан құрамынан алкоголь анықталған еді.

Ал ішіп алып ережені өрескел бұзған пагондының тағдыры әзірге белгісіз. Ішкі істер министрлігі мән-жайды анықтаған соң нақты мәлімет беруге уәде етті.

Олжас Айдарбек