Шымкент: 300 медицина қызметкері вакцина салдырды

145

Шымкентте 300 медицина қызметкері ковидке қарсы екпе қабылдап үлгерді. Қаланың медицина мамандары вакцинадан қорықпауға шақырады. Сөздерінше, бұл індетке қарсы жалғыз жол. Алайда, Қазақстанда кви табылғандар саны азаяр емес. Керісінше соңғы айда көрсеткіш 1,5 пайызға өскен. Дерт күшейген аймақтар ішінде Шымкент те бар.


Шымкенттік ақ халатты Берік Төлеуов қатерлі індетке қарсы вакцина салғандардың бірі. Қалалық №5 жедел-жәрдем бекетінің қызметкері бұл қадамға ерікті түрде барған. Сөзінше екпе коронавирустан сақтанудың жалғыз жолы. Күн сайын үрей үстінде жүргеннен гөрі вакцина салған дұрыс деген ол екпенің жанама әсері болғанын да жасырмайды.


Берік ТӨЛЕУОВ, Шымкент қалалық жедел-жәрдем көрсету станциясының №5 бекет меңгерушісі: «Аздап сол жерде қолдан алғаннан кейін шамалы сырқырау болды. Оның барлығы қалыпты жағдай. Өтіп кетті. Қазіргі таңда жағдайымыз жақсы. Бұл екпені таңдаған себебім өзім жедел-жәрдем қызметінде болғаннан кейін, науқастармен тікелей жұмыс жасағаннан кейін қашанғы қорқып жүреміз одан да екпесін алайық деп шештік».


Вакцинаның жанама әсері жайлы қаланың билік өкілдері де жарыса жазуда. Мәселен, шаһар әкімінің бірінші орынбасары алдымен басының айналғанын айтқан. Содан кейін оның себебін түсіндіріп әлеуметтік желіде жазба қалдырған.

Ал, дәрігерлер болса, мұндай жанама әсердің қалыпты екенін растап отыр. Айта кетейік, 1 ақпаннан бері Шымкентте 300 медицина қызметкері екпе қабылдап үлгерген.


Берік ТӨЛЕУОВ, Шымкент қалалық жедел-жәрдем станциясының №5 бекет меңгерушісі: «Ол қорқынышты емес. Кері әсерлері болуы мүмкін деп сол жерде де екпе алудан алдын айтылды. Алдымен дәрігердің қарауында боласыз. Дәрігер сізді жақсылап қарап, қарсы көрсеткіштер болмаса дәрігердің рұқсатымен екпе алуға кіресіздер. Егер сіздің сол жерде дене қызуыңыз болса немесе артериялық қан қысымыңыз көтеріліп тұрған болса тоқтатады».

Ал, еліміздің бас санитар дәрігері вирус жұқтырғандардың күн сайын өсіп жатқанын айтады. Әлем бойынша бүгінде 2 262 093 адам қатерлі індеттен көз жұмған. Қазақстанда көрсеткіш өткен айға қарағанда 1,5 пайызға өскен. Осылай деген мамандар вакцинаға күмән келтірудің қажеті жоқ дейді.

Ерлан КИЯСОВ, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері: «Қазіргі таңда БАҚ пен түрлі сайттарда екпенің зияны туралы фейк ақпараттар тарауда. Осы орайда сіздерді тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамын. Медицина қызметкерлерінің кеңесіне құлақ түріңіздер. Және провакаторлардың сөзіне сенбеңіздер».

Айта кетейік, вирус соңғы уақытта республиканың 7 аймағында күшейген. Оның ішінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысы да бар.

Назерке Үкібасова