Жетісайлық ару трактор тізгіндеп, табыс тауып жүр. Небәрі жастағы Арай Асылбекқызы бір күнде 10 гектар жер жыртады. 11 жасынан бастап ауыр көлік айдауды үйренген ол техниканы жөндеуді де жақсы меңгерген. Қазіргі таңда тіс дәрігері мамандығында оқып жүрген бойжеткен болашақта өз мамандығымен қатар трактор жүргізуді де қатар алып жүремін дейді.

Бұл ауыл арасында «тракторшы қыз» атанып кеткен Арай есімді ару. Нәзік жандылар былай тұрсын, кей ер азаматтардың өзі тізгіндеуге жүрексінетін тракторды айдауды бойжеткен 11 жасынан бастап үйренген. Қазіргі таңда тіс дәрігері мамандығында білім алып жүрген Арай Асылбекқызы күніне 10 гектар жер жыртады екен. Сол арқылы табыс тауып жүр. Жетісайлық арудың жақындары оның бұл таңдауына алғашында қарсы болғанымен уақыт өте келе келісімін беріпті.


Арай Асылбекқызы, тракторшы қыз:
«Басында қарсы болғанда қыз балаға болмайды деген сияқты әңгіме болды. Енді болашағыңа болмайды бәрібір саған деген сияқты әңгіме болды. Бірақ өзімнің қызығушылығым болғаннан кейін қолдады барлығы үйдегілер. Қарсы емес.»

Жеңіл көлікке қарағанда ауыр көлікті жүргізу қызықтырды деген 18 жастағы студент тракторды жөндеуді де меңгеріп алыпты. Техника бұзылып қалса да жолда қалмаймын дейді ол.

Арай Асылбекқызы, тракторшы қыз:
«Бірінші қай жері бұзылғанын көремін. Не болды екен деп? Кейін папама хабарласамын. Бәрібір үлкендердің көмегі маған керек қой әлі де. Папаның айтуымен өзімнің білуіммен жөндеп үйге алып келе аламын.»

Арайдың әкесінің трактор жүргізуде 40 жылдық тәжірибесі бар. Ер кісі қызының бұл таңдауын алғашқы болып қолдағандардың бірі. Сөзінше Арайдың трактор айдауына қанша қарсылық болса да, ол өз алған бетінен қайтпаған. Тіпті бұл саланы меңгеру үшін күн-түн демей әкесінің қасынан қалмай, техника тілін меңгерген екен. Ер азамат қызым жас болса да кейбір тракторшылардан жақсы жүргізеді деп марқайып қалды.


Асылбек Аханшаев, Арайдың әкесі:
«Бұл өзім айдаймын деп халыққа көрінуге құмар да айдап кетіп қалады. Бұдан бір 4 жыл бұрын
бір көршіміздің үйінде құдайы тамақ болып жатқан. Қарасам трактор жоқ. Жаңағы үйдің  2 жасар қызын тракторға салып алған. Кластас қызын қасына отырғызып алған. Сомен қызым жоқ. Енді алай дүлей болып үрейлендік қой енді. Бір қарасақ келе жатыр. Қуанып қалдық».

Жас тракторшы Арай Асылбекқызы 1-курс студенті. Қазір білім алып отырған мамандығы мүлдем басқа сала болса да бойжеткен тракторды тастамаймын деп отыр. Ал әкесі мен ағаларына бұл техниканы үйреткені үшін шексіз алғысын жеткізді.

   Мөлдір Ибадуллаева