Шаһарда «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бірыңғай тақырыптық қабылдау акциясы өтті.

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы ғимаратында өткен қабылдауға жазылған 19 азаматтың басым бөлігі баспана мәселесімен келіпті. Нұротандықтар бірде бір шағым назардан тас қалмайды, олар бойынша әрбір арызданушыға жауап берілетінін алға тартуда.

2-ші топ мүгедегі Кенжетай Шпеков баспана кезегіне тұруға көмек сұрап келіпті. Мекенжайы бойынша тіркеуге тұрмаған азаматқа сала мамандары кезекке тұру ережелері, құжаттар жинағын тапсыру жөнінде кеңес берді. Ал 1- топ мүгедегі Мұратбек Дүйсебаев баспана кезегіне 2016 жылы 9 мың 290 болып тіркелген. 5 жылда кезегі 5231 жылжыпты. 1-топтағы жұбайымен пәтер жалдап тұрған мүмкіндігі шектеулі азамат кезегіміз келгенше уақытша баспана табылса қолдау болар еді дейді. Мұратбек тағы бір өтінішін айтып қалды: «Арба береді, жөргек, сапасы төмен. Соған көңіл бөлсе екен» дейді.

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы «НұрОтан» партиясының басым бағыттарының бірі. Оның аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету. 2-ші топ мүгедегі Ташкенбай Борашбаевтың мәселесі бір аптада шешілетін болды.

«Еш қам жемеңіз азық- түлікпен қамтимыз. Бір аптада  шешіледі. Көмек берілмесе екінші қабатта отырамын маған келіңіз» -дейді «НұрОтан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бекайдар ТӨЛЕГЕНОВ.

Қабылдауға жазылғандардың басым бөлігі тұрғын үй мәселесін көтерді. Олар баспана кезегіне қадағалауды нұротандықтар қолға алса екен деген өтініштерін де жеткізді.

Шынар Оразова