«Кедергісіз келешек»: Шымкентте қоғамдық қабылдау өтті

283

«Кедергісіз келешек» партиялық жоба аясында бүгін «НұрОтан» партиясы Шымкент қалалық филиалында әлеуметтік сала мамандары мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдады.

Көшбасшы партиядан қолдау сұрап келгендердің басым бөлігі баспана және әлеуметтік мәселені көтерді. Жеке баспанасы жоқ Ұлболсын Төрегелдиева әзірге Қайнарбұлақ саяжаяында пәтер жалдап тұрады екен.

«Денсаулығына байланысты дәрігерлерге көп жүгінемін. Маған инватакси қызметін пайдалануға болады ма?»,- дейді мүмкіндігі шектеулі азаматша.

«Шымкент қаласындағы мүгедектер қоғамы» ҚБ басшысы Бейржан Қазаханов  азаматшаға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүгіну бойынша кеңес берді.

Қарабастаулық Күнсұлу Сүйеубаева бірнеше мәселемен келіпті. Баспана кезегінің тым баяу жылжып жатқанын атап өткен ол 2016 жылдан бері кезектің 5 мыңға жылжығанын айтады. Уайымдауға негізі бар- 7 жасар баласы туылғаннан мүгедек. Отбасының тапқан табысының басым бөлігі баланың ем-домына жұмсалады екен.
Күнсұлу «Жарты жыл болды «судорогасы» жоқ, оңалту орталығына немесе санаторияға жолдама бар ма? Егер болса жақсы болатын еді… Сөйлей алмайды, дефектолог қажет» дейді.

Қоғамдық қабылдауға арнайы қатысқан Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілі мүгедек баланың құжаттарының көшірмесін алып тиісті ем-дом алуына қолдау көрсететінін жеткізді. Нигара Ахмедова өзіне және екі баласына құжаттарды рәсімдеуге қолдау көрсетуді өтінуде. «Арызданғандардың мәселесімен тиісті сала мамандары айналысады, бірде бір шағым назардан тыс қалмайды, қадағалауда болады»,- дейді партиялықтар.

Шынар Оразова