Коронавирус жұқтырған оқушылар көбейіп барады

204

Елімізде оқушылар арасында қатерлі індет көбейіп кеткен. Денсаулық сақтау министрі осылай деп дабыл қағып отыр. Ведомства басшысының сөзінше, Қазақстанда ковид соңғы аптада 46 пайызға өскен. Ал, өлім дерегі керісінше 8 пайызға азайыпты. Осылай деген үкімет мүшелері квимен күреске бөлінген қаржыны да мәлімдеді. Биыл бұл салаға 256 млрд. теңге қаралған екен.

Алдыңғы аптамен салыстырғанда елімізде тәжівирусын жұқтырғандар 46 пайызға өскен. Осылай деген еліміздің бас дәрігері есесіне өлім дерегінің кемігенін айтады. Үкімет отырысында сөз алған Алексей Цой сондай-ақ қатерлі вирустан өлім дерегінің 8 пайызға азайғанын жеткізді. Алайда, кви оқушылар арасында белең ала бастаған. 4 тоқсан басталғалы тәжівирус 3700 мектеп оқушысынан табылыпты.

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Дәстүрлі оқу форматы енгізілген сәттен бастап оқушылар арасында коронавируспен аурудың өсімі байқалады. 4-тоқсан басталғаннан бері 3 706 оқушы, оның ішінде офлайнда білім алып жатқан 1 093, онлайн режимде оқитын 2 613 бала ауырды».

Ал, Шымкентте жыл басынан бері 2832 науқас тіркелген. Өкінішке орай оның 23 ажал құшты. Қазіргі таңда тағы 1165 азамат ем қабылдауда. Оның 19 жансақтау бөлімінде жатыр екен. Үкімет отырысында осылай деген шаһар әкімі дәрі-дәрмекке 200 млн. теңге бөлінгенін айтады.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Қаланың медициналық ұйымдарында ковид-19 індетіне қарсы 2 айлық дәрілік заттар және медциналық бұйымдар қоры бар. Тұрақтандыру қоры шеңберінде бөлшек саудаға арналған дәрі-дәрмек сатып алуға дәріханалар айналымы және қорларын толықтыруға 200 млн теңге бөлінді».

Ал, Қазақстан бойынша коронавируспен күреске 265 млрд. теңге бөлінген. Мемлекеттік бюджеттен медицинаға бұдан бөлек 70 млрд. теңге қаралыпты. Аталмыш сома медицина қызметкерлеріне қосымша қаржы төлеуге арналған. Осылай деген Қазақстанның бас қаржыгері өзге салаларға бөлінген бюджетті де жіктеп берді. Сөзінше биыл мемлекет шығысы 1,3 трлн теңгеге ұлғайған.

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР Қаржы министрі: «Әлеуметтік саланы қолдау, құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 182 млрд. теңге, жұмыспен қамтудың жол картасы және еңбек мемлекеттік бағдарламасы ауыл ел бесігі жобасын іске асыруға 177 млрд, ауылшарушылығы және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға 143 млрд теңге, жол салуға 140 млрд теңге шағын және орта бизнесті қолдауға 64 млрд теңге бөлу көзделген».

Осылай деген үкімет мүшелері алдағы айдағы эпидахуалға да болжам жасады. Сөздерінше келесі айда бір күндегі көрсеткіш 4000 науқас дейін жетуі мүмкін.

 Назерке Үкібасова