Úı ANONS Түркістан облысы ең қауіпсіз аймақ деп танылды

Түркістан облысы ең қауіпсіз аймақ деп танылды

Түркістан облысы криминогендік ахуал бойынша Қазақстандағы ең қауіпсіз аймақ деп танылды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте белгілі болды. Ресми мәлімет бойынша, соңғы уақытта өңірде құқықбұзушылықтар, қылмыс пен қоғамдық орындарда жасалған заңбұзушылықтар азайған.  Жалпы қоғамдық тәртіпті сақтауға құқық қорғау органдары қызметкерлерінен бөлек 1200-ден аса көмекші тартылған. Олардың көмегімен 451 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Ал 11 қылмыстық істің ашылуына ықпал еткен.

 

«Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында білім, қоғамдық даму, денсаулық сақтау басқармалары және «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе 883 профилактикалық іс-шара өткізілді. Сонымен қатар облыста  21 «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып, онда 458 оқушы білім алуда. Облыс прокуратурасымен бірлескен «Қауіпсіз балалық шақ кепілі» жобасы аясында мектептерде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған тұрақты профилактикалық сабақтар өткізілуде»

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

 

Мәжілісте ақпараттық-насихат жұмыстары да сөз болды. Облыстық қоғамдық даму басқармасының дерегінше,  жыл басынан бері облыста «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында 329 іс-шара өткізілген. Оған  30 мыңға жуық жас атсалысқан. Жастар арасында құқықбұзушылық, нашақорлық, лудомания, ерте жүктілік, буллинг, сталкинг және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағытында мыңға жуық психо-профилактикалық іс-шара өткен. Оған 70 мыңнан аса жас тартылған.

Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жұмысты күшейту керектігін айтты.  Сондай-ақ  тиісті мекемелерге халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды жүктеді.

 

Дилара Иса