Түркістан облысында әскери міндеттілер қатысқан оқу-жаттығу жиыны өтті. Шара стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау кезінде бөлімшелердің өзара әрекеттесуін күшейтуге бағытталды. Толығырақ алдағы сюжетте айтамыз.
Түркістан облысындағы «Орда» полигонында арнайы тактикалық-оқу жиыны өтті. Оған 120 әскери міндетті қатысты. Олар он күн бойы мемлекеттік-құқықтық дайындықтан бастап, тактикалық іс-қимылдар мен атыс және арнайы даярлық бойынша жан-жақты білім алып, тәжірибелік дағдыларын жетілдірді.
САМАТ ҚҰШҰҒЫЛОВ, ӘСКЕРИ МІНДЕТТІ: «Қазіргі таңда ТО қорғаныс аумақтық әскерінің бригадасының жұмылдыруымен осы әскери қалашыққа келіп, өзіміздің әскери тактикалық жаттығуларымызды, әскери патриоттық сезімімізді оятып, жастарға деген үлгі рухымызды бере отырып, сарбаздармен, жауынгерлермен өз күштерімізді көрсетіп, және де жауынгерлік даярлығымызды көтерудеміз»
Оқу-жаттығу барысында әскери міндеттілер алғашқы көмек көрсету, өрт сөндіру, тінту және ұсталғандарды алып жүру тапсырмаларын орындады. Жаттығу соңында бөлімше командирлері есеп беріп, қару-жарақ тексерілді. Мұндай жиындар жауынгерлік даярлықты арттырып, Отан қорғау жауапкершілігін нығайтады дейді жауаптылар.
ТАЛҒАТ МӘЖІМБЕКОВ, АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС БРИГАДАСЫНЫҢ КОМАНДИРІ: «Жиынның мақсаты — әскери міндеттілердің өз әскери тактикалық іс-әрекеттерінің және де алдын ала алған тәжірибелерімен арттыру мақсатында жиынды сәтті аяқтадық. Жиын барысында әскери міндеттілер өз қару-жарақтары мен техникаларының сипаттамаларын және тактикалық ұрыс-қимыл әрекеттерін ары қарай нығайтып, бөлімшелер мен взвод рота іс-қимылдарын толық меңгеріп, жиынды сәтті аяқтадық»
Әскери міндеттілер дегеніміз — запастағы әскери қызметшілер екенін атап өткен жөн. Жиынға қатысу кезеңінде олардың тұрақты жұмыс орны мен орташа еңбекақысы сақталады. Бұған қоса, қатысушыларға ақшалай өтемақы төленіп, олар киім-кешек және тамақпен толық қамтамасыз етіледі.
Лаура Бабас






