Түркістан облысында суға кету дерегі азайғанымен, қайғылы жағдайлар әлі де тыйылмай тұр. Жыл басынан бері 16 адам суға кетсе, оның 12-сі – балалар. Мамандар қауіпті аймақтарды атап, қауіпсіздік талаптарын күшейтуді қолға алды. Өңірде қандай шаралар атқарылып жатыр? Толығырақ алдағы сюжетте.
Өткен жылдың қазіргі кезеңімен салыстырғанда суға кету дерегі 34 пайызға төмендеген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте айтылды. Дегенмен әлі де қайғылы оқиғалар тіркеліп жатыр. Мамандардың айтуынша, адам өліміне алып келетін қайғылы оқиғалардың 95 пайызы жабдықталмаған, шомылуға рұқсат етілмеген орындарда тіркелген. Негізгі себеп – қауіпсіздік талаптарын сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру және белгіленбеген жерде суға түсу.
БАҒДАТ ЧАЙЗАДА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Рейд барысында судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 107 жеке тұлғаға ӘҚБК-тің 412-бабымен жалпы соммасы 1 619 000 теңге айыппұл салынды. 247 жеке тұлғаға 390-бабымен ескерту берілді. Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес 53 шомылу орны берілген. Алайда тексеру нәтижесінде белйімделген 53 жағажадың ішінде тек Шардара ауднындағы 3 жағажай, Ордабасы ауданындағы 10 жағажай белгілерген талаптарға сәйкес келетіні анықталды».
Дәл қазір аймақта 17 жағажай ашу жоспарланған. Ал балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында шомылу орындары жоқ ауылдарға модульді бассейндер орнатып жатыр. Мысалы, 900 бассейн ашу жоспарланса, бүгінде оның дерлік тең жартысы пайдалануға берілген. Сонымен қатар облыстағы жүзден аса қауіпті учаскеге ескерту тақтайшалары, ақпараттық стендтер мен арнайы белгілер орнатылған. Биыл тағы 2 мыңға жуық тыйым салу белгісі қойылады. Шомылу маусымын қауіпсіз өткізу үшін облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Төтенше жағдайлар департаменті судағы қайғылы оқиғалар жиі қайталанатын орындарды да атады. Нақтырақ айтқанда, Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Ордабасы ауданындағы магистральды және суару каналдарында бақылау күшейтілген. Мысалы, Келес ауданының өзінде 3 бала суға батып кетті. Олардың екеуі бір үйдің баласы. Соңғы мәлімет бойынша, жыл басынан бері облыста 16 адам суға кеткен. Олардың 12-сі – бала.
Дилара Иса






