Шенеуніктер Шымкенттің бас полицейінен той өткізуге рұқсат сұраған

214

Шымкенттің бас полицейінен той өткізуге рұқсат сұраған шенеуніктер бар. Бұл туралы Ералы Жұмахамбетовтің өзі мәлімдеді. Жауаптының сөзінше шенділер өтінішті дәл пандемияның қызған шағында жасаған. Бұған департамент бастығының жауабы дайын боп шықты.

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, Шымкент қаласы ПД бастығы: «Мен оларға туған туыстарыңның, жақындарыңның өмірінің түк құны жоқ па деп сұрадым. Індеттің ушыққан шағында бұлай жасау деген нағыз қастандық қой. Жаназаға барып, бір аптадан кейін өзінің жаназасы болған қанша адамды естідік».

Шымкентте орын алған қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға азайған. Осылай деген мегаполистің бас полицейі қалада көше бұзақылығының да, жасөспірімдер қылмысының да сейілгенін жеткізді. Бұл мамандар жұмысының нәтижесі дейді. Сөзінше, шымкенттік полицейлердің адал жұмыс істеп, адамгершіліктері көбейген.

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, Шымкент қаласы ПД бастығы: «Қазір шымкенттік полицейлердің адамгершілігі артқан. Бұған дәлел ретінде тұрғындарға жасалатын ескерту хаттарының 30 пайызға көбейгенін келтірсек болады. Яғни, құқық қорғау қызметкерлері бұрынғыдай бас салып айыппұл арқалатпай, елді ескертумен шектеліп жүр. Әрине, шектен шығатындары да жоқ емес. Жыл басынан бері заң бұзған 6 погонды жұмыстан қуылды. Бұл өте үлкен көрсеткіш».

Ералы Жұмахамбетов полицейлер жұмысына әкімшілік те қолдау көрсетуде дейді. Еске салайық, қала әкімдігі шаһар орталықтарына камера орнату үшін 4 млрд. теңге бөлген болатын. Осы сомаға қондырылған 4000 бейнебақылау камерасы қаладағы қылмысты ашуға көмек болады дейді департамент бастығы. Айта кетейік, құзырлы орган өкілдері қазір мониторинг жұмыстарын жасап үлгере алмай жүр екен. Себебі Шымкентте той-тоймалақ пен отбасылық жиын әлі де тыйылмай тұр.

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, Шымкент қаласы ПД бастығы: «Мониторингтік топпен бақылау жүргізіп үлгере алмай жүрміз. Қалада той-тоймалақ пен отбасылық жиын өткізу әлі де тыйылмаған. Жұрт бұл заңбұзушылыққа учаскелік полицейлердің қатысы бар дейді. Мүлдем олай емес. Біз өз жұмысымызды қолдан келгенше істеп жүрміз».

Карантин талаптары түнгі көбелектерге де әсер етпей тұр дейді қаланың бас полицейі. Шымкентте бір ауданда бір күнде жүргізілген рейд кезінде 150 жеңіл жүрісті анықталған. Департамент бастығының сөзінше шаһарда дәл осындай тағы 3 аудан бар. Егер тексеру жұмыстары онда да жалғасса, бір күнде құрықталатын жеңіл жүрістілер саны еселеп артады.

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, Шымкент қаласы ПД бастығы: «Бір ауданда 150 адамды анықтадық. Ал Шымкентте дәл осындай 3 аудан бар. Егер онда да тексеріс жүргізілсе, күніне 500 азаматша құрықталады. Қазір мұның көзін жоя бастадық».

Еске салайық, жақында ғана Бахрейн корольдігінен 30 шымкенттік азаматша жеткізілген еді. Шетелге саудаланған олардың ісіне қатысты қазір қылмыстық іс жүріп жатыр.

 Назерке Үкібасова