Шымкентте көрнекті ақын, қоғам қайраткері, ойшыл, дипломат әрі Қазақстан шахмат федерациясының тұңғыш президенті Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған республикалық шахмат турнирі ұйымдастырылды. Шара еліміздің барлық өңірін бір мезгілде қамтыған жалпыреспубликалық мерейтойлық бастама аясында өтті.
АРМАН ЖӘКЕНОВ, ШАХМАТ АРДАГЕРІ: «Бүгін біз кезінде бүкіл Тұран әлемін дүр сілкіндірген «АзиЯ» кітабын жазған ұлы жазушымыз Олжас Сүлейменовтің құрметіне ойнау үшін жиналдық. Жалғыз біздің Шымкент қаласынан ғана екі әлем чемпионы шыққан екен. Осы турнирге қатыса жүріп, мұны алғаш рет білдім, ардагер ретінде бұған өте ризамын. Мұндай жарыстардың ұйымдастырылып тұруы — үлкендерді де, балалар мен жастарды да біріктіретін тамаша іс. Осы үрдіс үзілмей, Президентіміздің, әсіресе Шымкент қаласы әкімдігі мен шахмат федерациясының қолдауы жалғасса, біз алдағы уақытта тек бірінші орындардан көрінетін боламыз».
Турнирдің Қазақстан бойынша жалпы жүлде қоры — 2 миллион теңге. Оның ішінде әр аймаққа 100 мың теңгеден бөлінген. Шымкенттегі жарысқа 60-қа жуық шахматшы қатысты. Қазір елімізде бұл зияткерлік ойын кеңінен танылып келеді. Соның нәтижесінде отандастарымыз әлемдік біріншіліктерде де жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Шымкент те шахмат тарихы бай қала санатына жатады.
СЕЙІТЖАМАЛ СҮПБАЕВ, ҚШФ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Мұндай шараларды өткізудегі мақсатымыз — шахматты аймақта және бүкіл Қазақстанда дәріптеу. Өйткені соңғы үш-төрт жылда қазақстандық балалар әлемдік шахматта көш бастап келеді. Сондықтан өскелең ұрпақ арасында спортты дамыту үшін Олжас Сүлейменовтің туған күніне орай бүкіл республика бойынша осындай турнир ұйымдастыруды жөн көрдік».
Айта кетейік, жақын арада Шымкентте ең мықты ойыншылар бақ сынайтын ауқымды «Senat Open» шахмат турнирі өтеді.
Ботакөз Әнуар






