Шымкент халықаралық әуежайында діни әдебиеттерді заңсыз алып өту дерегі анықталды. Бұл туралы ІІМ хабарлады. Көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Шарм-әл-Шейх – Шымкент бағытындағы халықаралық рейстің жолаушыларын тексерген. Нәтижесінде, Өзбекстан Республикасының 31 жастағы азаматын қолға түсірген. Күдіктіні тексеру кезінде заңсыз діни кітап табылған.
«Оның жүгін тексеру кезінде діни мазмұндағы 65 кітап табылып, тәркіленді. Аталған факті бойынша шетел азаматы Қазақстан Республикасында діни әдебиеттерді әкелуге қойылатын заң талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды».
ІІМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Көлік полицейлері азаматтар мен ел қонақтарын мемлекеттік шекарадан өту кезінде діни мазмұндағы материалдарды тасымалдауға тыйым салынғанын ескертеді. Және заң талаптарын орындамау үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Нұргүл Жолымбетова







