Жылдар бойы баспана кезегінде тұрған шымкенттіктер үшін бұл жыл қуанышқа толы болмақ. Себебі биыл 7 мың отбасы баспаналы болады деп жоспарланған. Бүгін мегаполис әкімі тағы 100 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстап, талай шаңыраққа шаттық сыйлады.
Биыл Шымкент әкімдігі кезекте тұрған азаматтарға үй беруден рекорд орнатпақ. Жауаптылар жыл соңына дейін 7 мың отбасы баспаналы болады деп отыр. Бүгін шаһар басшысы тағы 100 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстады. Жылдар бойы бұл күнді сарыла күткен жандардың қуанышында шек жоқ.
АЙНҰР ҚОСАҚБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «5 жылдан бері осы пәтерді алуды күттім. Қуаныштымын қоңырау шалды, келіңіз, кілтіңізді алыңыз дегенде қуанып, жүрегіміз жарылып келдік осы жерге»
Мамандар жаңа пәтерлердің барлығы кезекте тұрған азаматтарға рет-ретімен табысталып жатқанын мәлімдеді. Бүгінгі баспаналар әлеуметтік тұрғыда көмекке мұқтаж отбасыларға берілді.
ЛЯЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ: «100 пәтер берілді. Несие бойынша. 2-5 пайыздан. Ол жерде жетім балалар, көпбалалы аналар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және мүгедек жандар. Олар 2 пайыздан несие алып, үлкен қоныс той тойлайды»
Жауаптылар тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға «Отбасы банкі» арқылы депозит ашуды ұсынып отыр. Айтуларынша, жыл басынан бері бұл мүмкіндікке жүгінген 2 мыңға жуық шымкенттік баспаналы болған.
Лаура Бабас






