Шымкент қаласындағы опера және балет театрында ковидке қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Осындағы жылжымалы егу пунктінде №14 емдеу орталығының мамандары театр қызметкерлері мен ерікті түрде келген қала тұрғындарына ковидке қарсы екпе егуде. Медицина мамандары мұнда 19-20 сәуір күндері жұмыс істейді.

Сондай-ақ, қаладағы №8 емхана қызметкерлері «ЦУМ» сауда орталығындағы жылжымалы егу пунктінде жұмыс істеуде. Мұнда медицина мамандары сауда орталықтың қызметкерлері мен дүкенге келуші азаматтарға вакцина салуда. Бұл іс-шара алдағы уақытта жалғасады. Ендігі кезекте 20 сәуірден бастап «Шымкент Плаза » сауда орталығы мен базарларда егу пунктерін ашу жоспарлануда.

Айта кетейік, қоғамдық орындар мен арнайы мекемелерде ұйымдастырылған егу пунктеріне кез келген қала тұрғыны келіп, ерікті түрде вакцина салдыртса болады. Екпеден бұрын азамат міндетті түрде сауалнама толтырып, дәрігердің тексеруінен өтеді. Қарсы көрсетілімдері болмаса, ковидке қарсы вакцина салдыртуына болады.

Бүгінде қала бойынша вакцина салдыру 38 егу пунктінде жүргізіліп отыр. Олар күнделікті сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істеуде.