Úı ANONS 501 адам қызылшаға қарсы вакцина салудан бас тартқан

501 адам қызылшаға қарсы вакцина салудан бас тартқан

Шымкентте қызылшаға қарсы вакцинациядан бас тартқандар саны 501-ге жетті. Жауаптылардың мәліметіне сәйкес, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 адамға азайған. Сала мамандарының айтуынша, екпеден бас тартқандардың басым көпшілігі діни көзқарастағылар, вакцинаның қауіпсіздігіне қатысты күмән келтіргендер және жеке сенімдері жоқ жандар дейді. Десе де, екпе алмаған бала бабақшаға қабылданбайды. Сонымен қатар, мектептен де уақытша шеттелуі мүмкін. Бұл ақпарат рас па?

Қызылша — ауа арқылы тез таралатын жұқпалы ауру түрі. Сондықтан, кез-келген адам міндетті түрде вакцинациядан өту керек дейді дәрігерлер. Десе де, екпе алудан бас тартқандар бар. Олардың басым көпшілігімен қызылшаның қауіптілігі және екпенің маңызы туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан қала бойынша 501 бала екпе алмаған. Мамандардың айтуынша, ауру әсіресе екпе алмаған балалар арасында ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер халықты вакцинациядан бас тартпауға шақырады.

АЙГҮЛ ТҰРЫМБЕТОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ СЭБД БАСШЫ ОРЫНБАСАРЫ: «Вакцина салған әрбір адам, 21 күн, үш апта дұрыс ұйықтап, таза ауада серуендеп, дұрыс тамақтанып, жеке бастың гигиенасын сақтап отыру керек. Егер оны сақтамаса, иммунитет дұрыс қалыптаспауы мүмкін. Әрине, вакцина салдырған адам, қызылшамен ауырады ма? Ауырмай ма деген сұрақ туындаса, олар да ауырады. Бірақ, өте жеңіл өтеді. Жеңіл өткені сонша, байқамай да қалады. Режим сақтау керек».

Денсаулық сақтау ұйымдары ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін екпе көрсеткіші жоғары болуы тиіс дейді. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қызылшаға қарсы екпе алмаса, балабақшаға қабылданбайды дейді білім басқармасының өкілі.

СҮНДЕТ САНАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А: «ДСМ бұйрығы бар. Комитеттің бұйрығы бар. Сол жерде көрсетілген жаңа 90 пайыз прививка алу. Қызылшаға қарсы. Бұл талап мектепке дейінгі ұйымдарға қойылып отырған талап. Әлеуметтік желілерде екпе алу бойынша мектепке кіргізілмей жатыр деген біздің Шымкент қаласы бойынша туындап отырған жоқ. Нақты сұраққа байланысты вакцинаға қатысты мектепке кіргізілмей қалған оқушы жоқ».

Айта кетейік, қазіргі таңда өзге өңірлерде қызылша ауруы өршіп тұр. Ал, Шымкент қаласында жыл басынан бері бірде-бір жағдай тіркелген жоқ дейді мамандар. Бұл 2023 жылы жаппай екпе алғанның әсері дейді. Олардың сөзіне сенсек, 2025 жылы 55800 ден астам адам вакцина алған. Биыл 12 мыңға жуық балаға екпе салынды.

Мамандар күдікті жағдайларды белсенді анықтауды бақылауға алып, қызылшаға ұқсас белгілері бар барлық науқастарды есепке алу жұмыстарын жалғастыра бермек. Сонымен қатар, вакцина қоры егілетін контингент саны мен жарамдылық мерзімдерін ескере отырып талданды. Қазіргі атңда қоймада 2026 жылдың маусымына дейін жарамды 1 900 доза және 2027 жылдың шілдесіне дейін жарамды 7 040 доза бар.

Нұргүл Жолымбетова