Шымкентте тұтынушылардан түскен 150-ден астам арыз-шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда, көлік қызметі және интернет саудасына қатысты тіркелген.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 65 пайызға көп. Бұл туралы Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдері баяндады. Енді тұтынушылардың құқығын қорғау және сауаттылығын арттыру мақсатында қаладағы сауда орындары мен базарларда тұтынушы бұрыштарын ашу көзделуде.
Мамандар тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың е-тұтынушы. кз. бірыңғай ақпараттық мобильді нұсқасы барын ескертеді. Әр сауда немесе қызмет көрсету нысанында жеке айқындауыш болады. QR-кодты сканерлейсіз және телефондағы арнайы қосымшамен жүйеге шағым жібересіз.
«Ақылды жүйе» шағымды қай мемлекеттік органға жіберілетінін автоматты түрде анықтайды. Егер де 10 күнде кәсіпкер құлықсыздық танытса, онда шағымды шешуге тиісті органдар араласады. Құқығыңыз бұзылған жағдайда департаменттің жедел желісіне, яғни 8 747 936 41 84 байланыс нөмеріне хабарласуыңызға болады.
Шынар Оразова